Қазақ елінің тарихында философиялық мағынасы терең «Ақ oрамал» акциясының негізіне дана халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салты алынған. Яғни, әйел-ананың басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастауы олардың жанжалды тоқтатуына себеп болған.
«Ақ орамал» акциясын өткізу арқылы қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру.
Осы мақсатта акцияның ұйымдастырушылары Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесіп облыстық №1 перинаталдық орталығында болып, дүниеге нәресте әкелген жас аналарға ақ орамал жауып, сый-сияпат жасады. Дүние есігін жаңа ашқан сәбилер елдің елеулі азаматы болсын деп ақ батасын берді.
Осындай іс-шараларды өңіріміздің барлық аудан, қалаларында өткізу қолға алынатындығы туралы «Қоғамдық келісім» КММ-де өткен аналар кеңесінің кезектен тыс отырысында айтылып, жергілікті жерлердегі аналар кеңестерінің төрайымдарына тапсырма берілді.
Бейбітшілік пен татулықты, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін «Ақ орамал» акциясы тамыз айының соңына дейін жалғасып, соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын және бейбітшіліктің нышаны ретінде ақ орамалдар қойылып, жалпыреспубликалық ақ орамал таққан аналардың шеруі ұйымдастырылады.