08.08.2016 в 14:05

ОҚО ӘКІМІ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданында болды. Онда ол "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша құрылысы жүріп жатқан Құркелес ауылдық округі Дастан елді мекеніндегі 300 орындық № 136 мектептің құрылысымен танысты,-деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аталған нысанды "Лидер-НК" ЖШС жүргізуде. Заманауи білім ошағын салуға Ұлттық қордан 1,6 млрд теңге бөлінген. 2015 жылы маусым айында басталған құрылыс жұмыстары биылғы жылы тамыз айында аяқталады деп күтілуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде қаланың іші арқылы өтетін "Рамадан" каналының күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Айта кету керек аталған канал алғаш рет 1909 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жөндеу жұмысын көрмеген нысанның жалпы ұзындығы 19,0 шақырым.

Маңызды арық Сарыағаш ауданының 2500-ге жуық гектар суармалы жерлерн тіршілік көзімен қамтамасыз етеді. Қайта қалпына келтіру үшін облыс қазынасынан 900 млн. теңге қаралған.

Аталған соммаға 2015 жылы 12,6 шақырымы жөнделсе, биылғы жылы 6,3 шақырымы бетондалып жүйеленді. Құрылыс жұмыстарымен танысқан өңір басшысы жергілікті әкімдік пен мердігерге құрылыстың сапалы болуын және каналдың айналасын тиісті деңгейде абаттандыруды тапсырды.

Сарыағаш ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы көлеміндегі ең ірі қазіргі заманға сай нарықтық инфрақұрылымның негізі қаланған өнеркәсіптік-аграрлық аумақтардың бірі болып саналады.

Мұндағы халықтың саны  309 мыңнан астам адам. Халықтың тығыздығы 40,7 адам/шаршы км. 153 елді мекенді біріктіретін, 1 аудандық маңыздағы қала, 1 кент, 24 ауылдық округтен тұратын 26 әкімшілік бірліктері бар.

Аудан Өзбекстан Республикасының 5 ауданымен (Қыбырай, Ташкент, Зеңгі-ата, Жаңажол, Шыназ аудандары) шекараласады. Шекара бойында мемлекет аралық 4 кеден бекеттері бар. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара, Отырар, Арыс, Қазығұрт аудандарымен шекараласады.