08.08.2016 в 14:15

Оңтүстікте медиация күніне орай ашық есік күні өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Медиация күні» республикалық акциясы аясында облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеті ашық есік күнін өткізді.

Ашық есік күніне сот қызметкерлері, отставкадағы судьялар, медиация орталықтарының басшылары, мемлекеттік мекем қызметкерлері, облыстық этномәдени бірлестік төрағалары, қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен орынбасарлары қатысты.

Шараның басты мақсаты өңірімізде медиация қызметі саласын дамытудың мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру, медиация институтының шиеленістерді және дауларды шешудің әдісі ретінде насихттау, медиаторлардың жергілікті мемлекеттік органдармен, сондай-ақ, азаматтық институттармен өзара іс-әрекеттерінің дамуына қолдау көрсету, тұрғындарға облыстағы медиация орталықтарының және Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кабинеттерінің жұмыстарын хабардар ету.

Акция аясында судьялар мен кәсіби медиаторлар қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарға құқықтық кеңес берді.

Бүгінгі таңда, облыс әкімдігі жанынан және облыстың барлық аудандық, қалалалық, ауылдық әкімдіктерінің жанынан барлығы 106 медиация кабинеті ашылған.

Аудандық және оған теңестірілген соттармен жасақталған статистикалық мәліметтерге сәйкес, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында 770 азаматтық істе татуластыру рәсімдері қолданылған.

Айта кетейік, «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5-тамызында күшіне енген. «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «бітімгер» деген мағынаны білдіреді. Бітімгершілік – қазаққа жат ұғым емес. Бұрын ұры-қарылар беделді ақсақалдардың шешімімен өз жазасын алып, екі жақ келісімге келіп отырған.

Шетелде бұл тәжірибе бұрыннан қолданылып келеді.

Аталған заң медиацияның қолданыс аясын, медиаторлардың кұқықтық мәртебесін айқындайды. Заң бойынша медиаторлар тізіміне тіркелген және дайындықтан өткені жөнінде сертификаты жоғары білімі бар жеке тұлға медиатор бола алады. Медиатордың қызметі кәсіби және кәсіби емес негізде жүзеге асырылуы мүмкін.