08.08.2016 в 15:00

Кентау көшелері көркейіп келеді

Моноқалалар қатарына кірген Кентау шаһары мемлекет тарапынан қолдау тауып, көркіне көрік қосып келеді. Мәселен, 2016 жылы қаланың 4 көшесін жөндеу үшін 118 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып қалды.

Қарнақ ауылының тұрғыны Ниматулла Юлдашев бала кезінен осы көшедегі үйде тұрады. Жаңбыр жауса, лай-батпақ, қар ерісе, шалшық су болатын кездер – өткен күннен естелік, - дейді азамат.  «Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау арқасында ауылымыз көркейіп келеді» деп қуанышымен бөлісті,-деп жазады shymkenttv.kz.

Ниматулла Юлдашев, Қарнақ ауылының тұрғыны

Ауылымыз қаламен теңдесіп келе жатыр. Көшеміздегі столбалар алмастырылды. Жақында водопровод келе жатыр. Елбасымызға, басшыларға көп рахмет.

Ауыл әкімі осы орайда мемлекеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалып, орынды істер атқарылып жатқанын айтады.

Кентау қаласына қарасты елдімекендерден бөлек, қала ішіндегі көшелердің бірнешеуі жөнделіп жатыр. Тамыздың 25-іне дейін шаһардың 4 көшесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс.  Олар – индустриалды аймаққа кіреберіс жол, Сүлембаев, Логинов және Дулатов көшелері.

Батырхан Қалиев, Кентау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы

Қазіргі таңда индустриалды аймаққа кіре беріс жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда аяқ жол мен бардер қойылып бітті.Қазір тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қоқыс шығарылып, топырақ төселді.

Күн санап, көркейіп келе жатқан қаланы абаттандыруға 2016 жылға облыстан субвенция бөлінген. Жоспар бойынша Ататүрік көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Панфилов, Әл-Фараби, Яссауи даңғылына және 19-шы мектеп көшелеріне  жаяу жүргіншілер жолы салынады. Демек, Кентау кемелдене түсетін күн алда.