Аталған істі кәсіп көзіне айналдырып, пайдаға кенеліп жүрген шаруаның бірі - Зәкіржан Абдуллаев. Ақсукент ауылының тұрғыны мал бордақылауды кәсіпке айналдырғанына 6 жылдың жүзі болды. Алғашында 5-6 ірі қараны семіртуді бастаған ол бүгінде олардың санын 100-ге жеткізді.
3 ай бұрын «Максимум» аймақтық-инвестициялық орталығынан жылдық 7 пайызбен 15 млн. теңге несие алып, кәсібін жандандырған ЖК «Абдуллаев» еңбек ұжымының аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына айтар алғысы мол.
Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының консультант-менеджері Қ.Асылболатов «Максимум» АИО-нан аз мөлшердегі пайызбен несие алуына құжаттарын рәсімдеуге заң аясында қызмет көрсетіп, жөн сілтеген екен.
– Негізінен, тіс дәрігері маманымын. Мамандығым бойынша 1 жылдай жұмыс атқардым. Бұл кәсіпті ағаларымнан үйрендім. Отбасымыздың бұл кәсіппен айналысып жүргеніне 15 жылдан асты. Осы салада жетістікке жететініме көзім жетіп, жеке айналысуды жөн көрдім, - дейді 29 жастағы кәсіпкер.
Оның Ақсукентте жеке мал соятын орны бар. Күніне 2-2,5 тоннаға дейін мал бордақылап, етін Алматыға жөнелтеді екен. Осылайша, жанына жақын кәсіпті табыс көзіне айналдырған шаруа өзіне ғана емес, айналасындағы 8 адамды жұмыспен қамтуға септігін тигізіп отыр.