12.08.2016 в 16:58

Төлеби ауданын Бұхарбай Парманов басқаратын болды

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі және Төлеби аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Төлеби ауданының әкімі лауазымына Парманов Бұхарбай Рысқұлұлы тағайындалды,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Б.Р.Парманов 1962 жылы туылған, білімі жоғары, экономист, құқықтану бакалавры.

Еңбек жолын 1980 жылы Қазығұрт ауданы Әлішер Навои колхозының колхозшысы ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметті өткеруді 1986 жылы Кентау қалалық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер инспекциясының экономисті лауазымында кірген. 1987-1994 жылдары Ленин аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер экономисті, аға салық ревизоры-инспекторы, бас салық ревизоры-инспекторы, Ленин ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының мемлекеттік салық инспекторы, аға мемлекеттік салық инспекторы, инспекциясының бас мемлекеттік салық инспекторы болған. 1994-2002 жылдары аралығында салық және қаржы полициясы органдарында қызмет еткен. 2002-2014 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы бойынша салық комитетінің төрағасының орынбасары және төрағасы, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2014 жылдың ақпан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі болып еңбек етіп келді.

Айта кетейік, Төле би ауданы - Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 3,1 мың км² (облыстың 2,6%-ын қамтиды). 1932 жылы құрылған (1991 жылға дейін Ленгер ауданы). Тұрғыны 118,4 мың адам. Аудан жеріндегі 59 елді мекен, 1 қалалық, 13 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы - Ленгер қаласы. (1945).