20.08.2016 в 00:21

Жамбылда жылына 2500 тонна мия тамырын өңдейтін зауыт ашылады

Жамбыл облысында мия тамырын өңдейтін зауыт ашылады. Кәсіпорын жылына 2 500  тонна мия тамырын өндеп, мия сығындысын шығармақ. Мия тамырынан сығындысын өндеуден бөлек кәсіпорында дәрі-дәрмекке шикізаттар жасау үшін глицирризин қышқылынның 25 тоннасы өндіріледі.

Мия тамырын өңдеуге бағытталған бұл  жоба өткен жылы Шу ауданында қолға алынған болатын. Зауыт құрылысы үшін  "Kaz Mia" ЖШС-не 5 мың гектар жер телімі бөлінген.

Жоба Қазақстан Республикасының 2015 - 2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кірді. Жалпы құны - 600 млн. теңгені құрайды.

Өткен жылы жапон мамандары заманауи құрал-жабдықтарды орнатып, мия тамырын өңдеу жұмысын алғашқы сынақтан өткізді. Инфрақұрылым  үшін жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

Бүгінде мия түбірлерін жинау және сақтау бойынша кәсіпорын қоймаларында 20-дан астам адам еңбек етуде. Кейін зауыт толық қуатымен жұмыс істей бастайғанда, тағы 60 адам жұмысқа орналастырылады.

Зауыттың өнімі ішкі рынокке және экспортқа бағытталған. Сұранысы өте жоғары болғандығынан мия тамыры  сығындысының өндірісі кеңейетін болады.

Бұл зауыт ағымдағы жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде,-деп хабарлайды zhambylnews.kz сайты.