20.08.2016 в 21:58

Ғабидолла Әбдірахымов жаңашылдығымен халықтың көңілінен шыға білген басшы

Іскерлігімен, жаңашылдығымен көпшіліктің көңілінен шыға білген шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың қала әкімі қызметіне кіріскеніне – бір жыл. Естеріңізде болса, 2015 жылдың 19 тамыз күні Шымкенттің жаңа әкімі тағайындалған болатын.

Ғабидолла Рахматоллаұлына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қолдау танытып, миллионға жуық тұрғыны бар ірі мегаполистың тізгінін сеніп тапсыруы, бұл – үлкен жауапкершілік белгісі болса керек. Әрине, бір жыл дегеніңіз көп уақыт емес, дегенмен әкімнің қаншалықты іскер екендігін айқындауға жеткілікті мерзім. «Әкім бір жыл ішінде Шымкентте қандай жұмыстар атқарды?», «Қалаға қалдырған қолтаңбасы қандай?», «Осы уақыт төңірегінде қалада қандай маңызды жаңалықтар болды?» деген сауалдардың туындайтыны да заңдылық. Осы орайда сауалдарға жауап іздеу үшін әкімнің атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап көрелік.

Қаланың iргесiндегi «SHYMKENT CITY»

Шаһар басшысының бастамасымен қаланы абаттандыру бағытында шет аймақтағы елдімекендерді көріктендіру басты бағытқа қойылды. Осы мақсатта Мәртөбе, Сайрам елдімекендеріндегі саябақтарды қайта құру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, қалада 7 гүлзар мен саябақ, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы ретте айтып өту қажет, биыл тұрғындардың қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Осы мақсатта қаладағы 686 ауланы түнгі жарықтандыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Нәтижесінде қаладағы барлық аула толығымен жарықтандырылды.

Транспорт саласының дамуы қала экономикасы үшін маңызды бағыттардың бірі. Агломерациялық процесстердің жүруі, көлік санының өсімі осы салаға көп көңіл бөлуді қажет етеді. Қазіргі таңда, 1 жаяу жүргінші өткелі, 9 магистральды көшені қайта құру, 5 елдімекеннің көшелерін қайта құру, 1 жол өткелін қайта құру, 59 көшені күрделі және 98 көшені орташа жөндеу, 47 тротуар салу, 14 бағдаршам орнату жұмыстары атқарылуда.

«Whatsapp» кәдеге жарады

Шымкенттегі қуанышты жаңалық – «Shymkent Bike» жобасы. Жайшылықта «зауыт ашылды, балабақшаның лентасы қиылды…» деген сияқты ақпараттарға елең ете қоймайтын халық, бұл жолы кәдімгідей құлақ түрді, теледидарларға назар аударды. Қала жұртшылығы «Shymkent Bike» жобасы аясында велостанцияның салтанатты ашылуына келген қонақтар мен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты ыстық ықыласпен, зор ілтипатпен қарсы алды. Олай дейтініміз – қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамытудың осынау жобасын Шымкент қаласы әкімдігі мен «Самұрық–Қазына» АҚ бірге іске асырды. Алғашқы сөзді алған қала әкімі қала тұрғындарын жаңа жобаның ашылуымен құттықтады. «Бұл жоба, – деді шаһар басшысы, – Біріншіден, адам денсаулығына өте пайдалы, денеңіз шынығады, сергек жүресіз, ауырмайтын боласыз, екіншіден, қала экологиясы жақсарады. Автомобильдердің көк түтіні біршама азаяды, үшіншіден, әлеуметтік жағдайыңыз жақсара түседі. Автобустарға отырудан аз шығын жұмсайсыз.»

Ғабидолла Рахматоллаұлы шаһар тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, Қошқар ата өзенінің бастауында алғашқы «Street Workout» спорттық алаңшасын салдырды. Бұл спорт түрімен Шымкент қаласында 3000-ға жуық жас айналысуда.

Қазір білім беру саласында бірінші кезекте апатты және үш ауысымды мектептерді жою басты мәселе екені белгілі. Қазіргі таңда 14 мектептің құрылысы жүргізілуде. Үш ауысымдағы 7 мектептің құрылысы басталып, бүгінгі таңда №66, 91 мектептердің құрылыстары аяқталған. Осы қысқа уақыт ішінде Шымкент қаласының әкімі бірқатар шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер мен түйіткілдерді реттеп, оң шешім табуын қадағалады. Осы уақыт аралығында халықтың әл-ауқаты артып, шымкенттіктердің жергілікті әкімдікке деген сенімі арта түсті. Қала әкімінің бастамасы мен игілікті істеріне жан-жақты тоқталғандағы мақсатымыз, мақтау-мадақтау немесе әсірелеу емес, жүзеге асқан жұмысты қаз-қалпында баяндау еді. Біз ең алдымен осы ойды мақсат еттік. Бұл туралы shymkala.kz сайты жазады.