Әкімдік жиынында шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың алдында қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Сарсеева мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасады. Өз кезегінде Ғабидолла Рахматоллаұлы жастар арасында тек шоу концерттер ұйымдастыру, жалаң үгіт-нәсихат жұмыстарымен шектелмей жұмыссыздық мәселесін болдырмау үшін оларға қысқа мерзімдіқ жұмыс орындарын ұсынып, материялдық базасын нығайту керектігін айтып өтті. Ол үшін арнаулы жастар ұйымдары арқылы еңбек нарығы биржасын құрып, студент жастардың дәрістен тыс уақыттарына сай сағаттық, күндік жұмыс ұсынылса деген жаңалығын ортаға салды.
Сонымен қатар қала әкімі жоғары, орта, арнаулы оқу орындарын бітірмеген жастар үшін алаңдайтындығын айта келе, жауапты бөлімдерге оларға кәсіптік білім беру, қайта даярлау (түрлі семинар-тренингтер) курстарына баруына көмектесіп, қоғамнан өз еншісін алуға ықпал етуін талап етті.