Бүгінде комбинат күніне 10 тонна, тапсырысқа қарай 20 тоннаға дейін ет экспорттауға қабілетті. Бұл үшін бір уақытта және бір-біріне тәуелсіз жұмыс жасайтын ұсақ және қара малдарды сою алаңшасы жұмыс жасайды. Сыйымдылығы 360 тоннаны құрайтын тоңазытқыш та бар. Еттің сапасын тексеретін лабороторияның іске қосылғанына биыл үш жыл болыпты. Мұнда күніне 70 адам еңбек етеді. Серіктестіктің ендігі алға қойып отырған мақсаты – қуаттылығы жылына 250 тонна шұжық және 262 мың қалбырдағы ет өнімін шығару. Бүгінде қалбырдағы еттің алғашқы партиясы Алматыға жіберіліп, енді Тараз нарығына шығу жоспарлануда. Жоба 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында толықтай қуаттылығына шығады деп күтілуде, ол кезде жұмысшылар саны 140 адамға дейін артатын болады.
«Бізге Меркі, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары ұсақ және ірі қара малдарын өткізеді. Қой еті 1000, сиыр еті 1200 теңгеден қабылданады. Ақшасы қолма-қол беріледі»,-дейді комбинат меңгерушісі Абылай Райсов.
Сондай-ақ, шаруа қожалығына тиесілі мал бордақылау алаңында 3000 бас ірі қара өсірілуде.