01.09.2016 в 23:22

Шымкенттегі Тассай тұрғын алабының тұрпаты өзгерді

Бүгін Тассай тұрғын-алабының оқушылары үшін де айтулы күн. 300-ге жуық жас өрен жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алды. Білім беру нысанының салтанатты ашылуына Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов арнайы қатысып, мектеп табалдырығын аттаған жандарды мерекелерімен құттықтады.

Бұған дейін ауыл жастары іргесі 1991 жылы қаланған мына ескі мектепте оқып келді. Осы аймақтан сайланған депутаттар екі жыл бұрын жүгі ауыр міндетті  мойнына алып, білім ордасын белгіленген мерзімде бітіруге атсалысты. Тассай тұрғын-алабының тұрпатын өзгерткен тәрбие ошағын оқушылар Тәуелсіздіктің тартуы деп біледі.

Бүгінге дейін жаттығуға жаны құмар жастар үшін спорт зал таңсық еді. «Евро сервис» мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында бұл мәселені басты назарға алған. Еңбекке епті балалар үшін тігін және ағаш шеберханасы бар. Заман талабына сай компьютер және арнайы пәндік кабинеттер де болашақ ұрпақ игілігі үшін,- дейді мектеп директоры.

Мәңгілік елдің мәуелі жемісі -саналы ұрпақ  екені белгілі. 3 қабатты ғимаратты аралап көрген қалалық білім бөлімі мамандарының оқушыларға жасалынған жағдайға көңілі толды. Ал балалардың болашаққа деген сенімі артты.