21.07.2014 в 12:30

Билік пен ҮЕҰ арасы

 

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдар мен өзара іс –қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Б.Оспановтың төрағалығымен өткен мәжілісте үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру,мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде салалық принцип бойынша қолдау және өзара іс-қимылды дамыту мәселелері қаралды.

Кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, оларды әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге тарту бағытындағы шараларды жүйелі жүргізу керектігіне тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы жергілікті билік органдары мен азаматтық қоғам институттары арасында бірлескен іс-әрекеттер әріптестік деңгейде атқарылуда.

«Облысымыздағы қоғамдық бірлестіктердің саны 1 122, оның ішінде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 550 болса, соның ішінде белсенділік танытып отырғандары 200-ге жуығы ғана», - деді Берік Уәли. Сондай-ақ, басқарма басшысы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қолдау мәселесіне көңіл бөлмей келе жатқан аудан, қала әкімдіктерін атады. Олардың қатарында Бәйдібек, Мақтарал аудандары мен Кентау қалалық әкімдіктері бар екендігін атап өтті.

Кеңес отырысында «Оңтүстік Қазақстан облысы Азаматтық альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек сөз алып, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарын жандандыруға байланысты өз ұсынысын айтты.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімінің міндетін атқарушы Берік Оспанов алдағы кеңес отырысында үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде атқарған жұмыстарын саралап, қоғамдық ұйымдар тарапынан нақты, нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді.

http://isb.ontustik.gov.kz/