05.09.2016 в 22:11

Жамбылда 7 айда 64,6 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұралиев Абдалы Ұлт жоспары «100 нақты қадам» аясында атқарылып жатқан жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

- 2016 жылы облыстың ауыл шаруашылығын саласын қолдауға барлығы 8,2 млрд. теңге субсидия қаралса, оның ішінде республикалық бюджеттен – 3,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен - 5,1 млрд. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың 7 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі — 64,6 млрд. теңгені немесе нақты көлем индексі — 102,3% құраса, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі — 10,8 млрд. теңгені (НКИ — 106,4), мал шаруашылығы — 53,5 млрд. теңгені (НКИ — 101,5%) құрады.

Биылғы жылы егілген ауылшаруашылығы дақылдарының алқабы 594,1 мың гектарды немесе 100,6% құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артып отыр.

Оның ішінде: 100,4 мың гектарға күздік бидай (102,2%), 147,5 мың гектарға масақты жаздық дақылдар (104,3%), 25,8 мың гектарға көп жылдық шөп (109,8%),26,3 мың гектарға көкөніс (100,8%), 10,5 мың гектарға бақша дақылдары (101,6%), 8,7 мың гектарға картоп (101,9%) және 5,6 мың гектарға қант қызылшасы егілді.

Сонымен қатар бүгінгі күні егін орағы аяқталып, 251 мың гектар масақты дәнді дақыл жиналды. Әр гектардан алынған орташа өнім 23,6 центнерді құрап, 591,6 мың тонна астық бастырылды. Ауа райының қолайлы болуынан биылғы жылғы масақты дәнді дақылдардан жиналған өнім Тәуелсіздік жылдарындағы жоғары көрсеткіш болып отыр - деп спикер биылғы өнім көлемі туралы хабарлады.

Айта кетерлік жайт, қазіргі уақытта жүгері, көкөніс және бақша дақылдары, майлы дақылдар мен басқа да дақылдарды жинау жұмыстары жүргізілуде.

- Біз соңғы жылдары қант қызылшасын өндіруді мықтап қолға алдық. Оған үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен 420 млн. теңге бөлінді. Оның 220,0 млн. теңгесіне қант қызылшасы дақылына қажетті тұқым (Франциядан «Авантаж» сорты сатып алдынды) сатып алынса, 200,0 млн мың теңгесіне қант қызылшасы дақылының агротехникалық іс-шараларын атқаратын ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Биыл қант зауыттарына 100 мың тоннаға дейін тәтті түбір өткізуді жоспарлап отырмыз - деп мәлімдеді спикер.

Облыста сиымдылығы 19,0 мың тоннаны құрайтын 26 көкөніс сақтау қоймалары бар. Бұдан бөлек Шу ауданында сиымдылығы 5 мың тоннаны құрайтын көкөініс сақтау қоймасының құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, көкөніс дақылдарын қайта өңдейтін кәсіпорындардың құрылысына инвесторлар тартылуда.Сонымен қатар, жеміс және көкөніс дақылдарының өнімін арттыру мақсатында Шу ауданында көкөніс кластерін құру жұмыстары жүргізілуде.

Егістікті сумен және су үнемдеу технологияларын енгізуді қамтамасыз ету

мақсатында 76,1 млн. теңгеге 25,56 шақырым жерге электр желілері тартылды. Нәтижесінде 2300 гектар егістік жердің 1205 гектарына көкөніс, 990 гектарға бақша, 105 гектарға мал азығы дақылдары орналастырылды. Биылғы жылы электр жүйелерінің жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен қосымша 20,0 млн. теңге бөлінді.

Облыста үдемелі бағын (интенсивті бақ) отырғызу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні аталған бақтың жалпы аумағы 240 гектарды құрайды. Аймақты дамыту бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін үдемелі бақты (интенсивті бақ) 1600 гектарға жеткізу жоспарлануда - деп хабарлады А.Т.Нұралиев.