05.09.2016 в 22:31

Қордай ауданында шағын кәсіпкерлік дамып келеді

Жамбыл облысындағы Қордай ауданындағы "Киім тігу" ЖК 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Шағын цех мектеп және әскери формаларды, көрпе және жастық сынды бұйымдарды тігумен айналысады. Жеке кәсіпкерлігін ашу Сәттігүл Смағұлованың бала кезден бергі арманы болған. Міне, бүгінде тынымсыз еңбегі мен іскерлік қабілетінің  арқасында сол арманы жүзеге асып, шағын цехты басқарып отыр.

- Тігіншілікпен бірнеше жылдар бойы өзім айналысып келген едім. 2012 жылы "Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы" бағдарламасы аясында қаражат алып, жеке кәсібімді ашайын деп шештім. Биыл несиемді толықтай өтеймін деп отырмын. Мемлекет тарапынан қолдау жасалынып келеді,-дейді цех басшысы.

Мұнда тапсырыспен шекара және жол полиция қызметкерлерінің, мектеп оқушыларының формалары дайындалады. Шекара қызметкерлері киімінің толықтай жиынтығының бағасы 25 мың теңге тұрады, 1 тігінші күніне 1 жиынтық дайындай алады. Ал мектеп оқушыларының формасы бастауыш сыныптарға 6-8 мың теңгеден, ал үлкен сыныптарға 10 мың теңгеден тігіледі. Өндіріс орынында 6 тігінші және 1 пішуші еңбек етеді. Олар орта есеппен 30-40 мың теңге айлық жалақы алады.

"Біздің тауарлардың сапасы жақсы деп айта аламын. Тұтынушылар күн сайын артып келеді. Жұмыс көлемі маусымына 1 млн. теңгеге дейін жетеді,-дейді Сәттігүл Смағұлова. Қазір тігін цехына балабақша және басқа да ұйымдар, жергілікті тұрғындар тарапынан тапсырыстар келіп түсуде. Осыған байланысты кәсіпорын директоры алдағы уақытта  тігін цехын үлкейтуді жоспарлап отыр.