Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен қарқынды түрде айналысуда. Ал сала мамандары көзін тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған теріскейліктердің қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстары өз нәтижесін бере бастады. Бүгінде Созақ ауданында екі бірдей шаруашылық - «Құмкент» және «Қара құр» өндірістік кооперативі қаракөл қойын өсірумен айналысады.
Тамыз айында «Қара құр» өндірістік кооперативі 1238 бас қаракөл тоқтысын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарып, тиімді бағада сатты. Шетелдіктердің қой алудағы талаптарынан толықтай шыққан кооператив жетекшісі жыл соңына дейін тағы да бірқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлап отырғанын айтады.
Еске сала кетсек, осыдан екі ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің өңірлері арасынан бірінші болып Біріккен Араб Әмірлігіне ет экспорттауды бастаған болатын. Онда 1 мың бас ұсақ мал Фуджейра (БАӘ) қаласына жеткізілген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған жұмыстардың экспорттаушысы «Қайып ата» компаниясы еді.
Ет экспортын дамыту облыстың мал шаруашылығы саласына жаңа серпіліс беріп, ауылдың кәсібі мен нәсібін көбейтетіні анық. Бұл бағыттағы жүйелі мәселелерді шешу мақсатында уақ мал мен ірі қара мал өсіру бойынша арнайы кооперация құрылатын болады.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.