11.09.2016 в 23:43

Шымкентте қаланы қайыршылардан тазарту жұмыстары жүргізілуде

Күнделікті өмірімізде қайыршыларды кездестіру әрбіріміз үшін қалыпты жағдайға айналған көрініс. Жол бойында алақан жайып отырған қайыршының жеке басына қызығушылық танытып жатпаймыз. Жәй ғана «садақа беру» амалы еске түссе, аз-маз қаражатты ұстатып жүре береміз. Ал қала көшелерінде шақалағын құшақтап отырғандар кімдер? Мүгедектер арбасына таңылғандар ол маңайға қалай жетті? Қайыр сұрап отырғанның барлығы да мұқтаждықтан осы іске бел буды ма? Алақан жайып отырып тапқан қаражат оның алдағы өмірін түзей алады ма?

Әккі қайыршылар...

Үшінші мегаполиске айналған Шымкентте туризмді дамыту ісі күн сайын қарқын алып келеді. Осы орайда, қаламызға келген қонақтарды да көше кезген қайыршылар сұраншақтығымен ыңғайсыз күйде қалдырса қайтпекпіз? Сансыз сауалдың жауабын іздеп, Шымкент ҚІІБ қызметкерлерімен бірге біз де рейдке шықтық. Рейдте Шымкент ҚІІБ ЖПҚ инспекторы, полиция капитаны Сапархан Апашев және қаланың Абай, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау аудандары бойынша учаскелік инспекторлар Е.Орынбай, Қ.Жорабеков, Р.Қамардинов, полиция капитаны Д.Абубакиров және полицияның қоғамдық көмекшілері болды.

– Қаламызды қаптаған қайыршылардан тазарту мақсатында 2016 жылдың алғашқы 6 айында ҚР ӘҚБтК-нің 449 бабының талаптарын бұзып, қайыршылық жасап азаматтарға тиіскені үшін жалпы 71 қайыршы анықталып, әкімшілік хаттама негізінде 366 028,5 теңге айыппұл салынды. Қазіргі таңда аптаның әр жұмасында рейд өткіземіз. Куә болғаныңыздай басым көпшілігі ақша табудың оңай жолына құныққандар. Жауапқа тартқаннан-ақ түрлі іс-әрекетке барады. Тіпті тамырын тіліп жіберуге дайын болып, алмас алып жүргендерді де көрдіңіздер. Ондай жағдай орын алса, біз жауапты боламыз. Дегенмен, бұл – жұмысты тоқтатуға себеп бола алмайды.

Жаның ашиды-ақ, бірақ...

Әр жұма сайын мешіттердің алдында отыратын қайыршыларды мешіт қызметкерлері де танып қалған. Жұма намазынан кейін «Бекжан» базары маңындағы облыстық орталық мешіттің алдында отырған қайыршы түгел Абай аудандық ІІБ-іне жеткізілді. Олардың қатарында екі аяғынан бірдей айрылған қос мүгедектің бірі Е.Лукьянов:

– Ары-бері жеткізіп тастайтын көлігіміз бар. «Бере ғой» деп жұрттың жолына жатып алмаймын, әркім иманына қарай садақа тастайды. Жиналған ақшамды Астанада демалып қайтуға жұмсаймын, – дейді. Әрине, әркім Алласын еске алып, имандылық танытып садақа береді. Бірақ, соның нәтижесі біреудің маңдай терімен тапқан тиынын еш қиналмай-ақ иемденуге құныққан имансыз қайыршыны көбейтетінін қайдан білсін?

Шиеттей бала, қауқарсыз ана

Оңтүстік халқының имандылығы оң жамбасына тура келген қайыршылар арасында қазақтың мектеп жасындағы қара баласы, қыз тәрбиелеген анасы, ақ шашты әжесі де кездесті. Әйтсе де, рейд барысында сонша қайыршының ішінен шынын айтып, мұқтаждығын жасыра алмаған алты перзенттің анасы Әсел мектепке баратын үш перзентіне киім алып беруге көмек сұрады.

Емізулі баласымен қиналып отырған жалғызбасты келіншек «бірқатар мекемеге бардым, көбіне құжат сұрайды. Шиеттей баланы қалдырып, құжат рәсімдеуге шыға алмаймын. Бізге садақа ретінде көмек берсе деймін. Сондықтан мешіт алдында алақан жаюға мәжбүр болып отырмын. Қандай қиындық көрсем де, балаларыма қайыр сұратпаймын, оларға қиналып жүргенімізді де білдірмеуге тырысамын» дейді. Бұл туралы shymkala.kz сайты жазады.