Қала көшелерінде автокөліктердің саны күн санап артып барады. Соңғы есеп бойынша 200 мыңнан асқан екен. Соның салдарынан жолда жүру ережелерін бұзатындар немесе арнайы жол белгілеріне назар аудармайтындар қатары да көптеп кездеседі. Осындай уақытта қалалық жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полицейлері арнайы жабдықталған эвакуатормен заңсыз қойылған көліктерді айыптұраққа жеткізеді. Мұндайда, «темір тұлпарының» жоғын байқаған жүргізушілердің сан соғып қалары сөзсіз. Эвакуаторды басқарған жол-патрульдік полицейлерінің жұмысы туралы баяндасақ...
Полиция қызметкерлерінің көзі қырағы екен. Сағат тілі 11.00-ді көрсеткен кезде, Тәуке хан даңғылына қарай бет алып бара жаттық. Қалалық әкімдік маңындағы мүгедектерге арналған автотұраққа көліктің заңсыз қойылғанын көріп, лезде сонда бұрылды. Сөйтсек, әкімдікке кіре-беріс тұста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған автотұраққа Мейірбек есімді азамат көлігін бірер минутқа ғана қойып кеткен екен. Оның айтуынша, тіпті, «мүгедектерге арналған» деген белгіні де байқамапты. Бұл кезде полицейлер көлікті эвакуаторға тиемек болып, арнайы ілгіштерін дайындап жатқан еді. Көлік иесі келгендіктен, оған хаттама түзілді. Айыппұл мөлшері – 107 мың теңге. Бір аптаның ішінде төлесе, оның 50 пайызына жеңілдік жасалады.
А.Байтұрсынов пен С.Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан қалалық өрт сөндіру бөліміне сағат 12.40-та келіп жеттік. С.Жандосов көшесінде «көлік қоюға болмайды» деген белгіге қарамастан, рұқсат етілмеген жерге «Volkswagen Touareg» көлігі қойылыпты. Жол-патрульді полиция қызметкерлері көлікті эвакуаторға тиеп, айыптұраққа жеткізді. Енді оның иесі көлігінің қайда екенін білу үшін 102 нөміріне хабарласып білмек. Айыппұл мөлшері – 10 АЕК.
Шымкентте екі айыптұрақ бар. Облыстық айыптұрақтың қабылдаушы маманы Дәулет Әбдуәлиевтің айтуынша, қазір онда 100-ден астам көлік бар. Ал қалалық айыптұрақта бұдан екі есе көп екен. Оның ішінде апталап емес, айлап және жылдап тұрған көліктер бар. Тұрақтың қабылдап алушы маманы оның бірнеше себептері барын айтты. Мәселен, 2012 жылдан бері айыптұрағын «тұрақты мекенге» айналдырған «Range Rover» маркалы қос көлік шаң басып тұр. Бұдан бөлек бірнеше қымбат көліктерді байқауға болады. Ондағы көрініс халық арасында «полицейлердің бағалы көліктерге тісі батпайды» деген әңгімесін теріске шығарады.
Тоқтауға және көлік қоюға болмайтын жерге, аялдамаға және жолдың жүріс бөлігіне көлік қоюға болмайтынын жадымыздан шығармайық. Мұндай жағдайда «тез шығамын ғой» деген уәжіңіз айыппұл төлеуге апарып соғуы мүмкін. Оған қоса, біраз уақыт жаяу жүруіңізге тура келеді. Қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев тағы да 5 эвакуатор сатып алынатынын мәлімдеген еді. Сөйтіп, бас-аяғы 10 эвакуатор қала көшелерінде заңсыз қойылған көліктерді айыптұрағына жеткізбек. 2015 жылы айыптұраққа 4 мың 650 көлік жеткізіліп, 56 миллион 858 мың 625 теңге айыппұл өндірілген. Ал биыл 7 айдың ішінде 2 мың 968 көлік жүргізушісіне айыппұл салынып, қазынаға 39 миллион 901 мың 312 теңге түсіп отыр.