Шымкенттік жас кикбоксшы Аружан Қожамсүгір әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. 30 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Ирландияның Дублин қаласында кикбокстан жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі өткен еді. Оңтүстіктің жас үміті 60 келіде бақ сынап, жүлдеге қолы жетті.
Әлем біріншілігіне 47 мемлекеттен 700-дей спортшы қатысты. Бұл сында Қазақстан спортшылары жалпыкомандалық есепте 21-ші орыннан көрінді.
А. Қожамсүгір – Шымкент қалалық № 11 шығыс жекпе-жек спорт түрлері мектебінің оқушысы. Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Спорттың бұл түрімен небәрі бір жылдан бері шұғылданады. Жеке бапкері – әкесі Әли Қожамсүгір. 25 жылдан бері спорт саласында еңбек ететін бапкердің талапты шәкірттері көп.