19.09.2016 в 12:40

ОҚО тұрғындары «Тәуелсіздік» тау шыңын бағындырды

Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Бұл - біздің таулар» фестивалі өтті. Дәстүрге айналған шара биыл Төле би ауданы, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркінде өткізілді. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Фестивальға ОҚО кәсіпкерлік, индустириялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы М.Қарабаев және облыс тұрғындары мен қонақтары, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушылар Өгем тау жотасының шығысы жағында орналасқан «Тәуелсіздік» шыңын бағындырумен қатар, суретшілердің сайысына да қатысты. Арнайы жол көрсетушілермен тауға шыққан жастар 2200 метр биіктікті бағындырып, өз алдарына рекорд жаңартты.

Бұдан бөлек, “Bal Tekstil” кілем тоқыма фабрикасының демеушілігімен «Біз туризм және экологиямен біргеміз» қайырымдылық шарасы өткізілді. Аталған шара қоғамдағы өзекті мәселе - ата-ана қамқорлығынан айырылған жандарға арналды. Фестиваль қортындысы бойынша белсенді жастар мен суретшілер марапатталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркі 2006 жылы табиғат байлықтарын қорғап, еліміздегі экологиялық туризмді дамыту мақсатында құрылған. Оңтүстік Қазақстан облысының жерінде орналасқан, Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандарын қамтиды. Он жыл ішінде парк аумағындағы өсімдіктер саны артып, аң-құстардың қатары көбейген. Қазір онда өсімдіктің 1635 түрі мен сүтқоректілердің 59, құстардың 300 түрі бар. Олардың қатарында қызыл кітапқа енген айрықша қорғауға алынған аю, сілеусін, қар барысы, арқар, сондай-ақ қыран құс та бар. Парк аумағынан Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Дәубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді.