Бүгінгі күнге облыста 8 мыңнан аса ұсақ фермерлік шаруашылықтар 81 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерге бірігіп, жұмыс атқаруда. Олар даму бағыттары бойынша 19 бірлік мақта шаруашылығы, 30 бірлік астық, 4 бірлік сүт өндірісі, 13 бірлік ірі және ұсақ мал шаруашылығы, 3 түйе шаруашылығы, 3 жүгері өсіру, 4 жылыжай, 5 тағы басқа шаруашылықтардан құралып отыр.
Сонымен қатар, биылғы жылы облыста 14 машина-тракторлық станциясы құрылған. (МТС)
МТС-тер құрамында 108 доңғалақты тракторлар, 7 шынжыр табанды тракторлар, 28 астық оратын,9 жем-шөп оратын, 4 жүгері оратын комбайндар мен 186 басқа техникалар бар.
Облыс әкімі жыл басында тұрғындарға берген жылдық есебінде өңірдегі әрбір аудан өзіндік басым бағыттары бойынша дамитынын айтқан болатын. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласының потенциалы өте үлкен аймақта жаңа технологиялар енгізіліп, келесі бесжылдықта бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтқан. Яғни, ауылшаруашылық саласын реформалаудың негізгі бес бағыты жүзеге асырылатын болады. Бірінші бағыт – суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу. Екінші бағыт – фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемін арттыру. Үшінші бағыт –әрбір ауылдық округте кооператив құрып, онда Машино-тракторлық станциялар (МТС) ашу. Төртінші бағыт – ауыл шаруашылық саласына ғылымның жетістіктерін көптеп енгізу. Яғни, әрбір ауданда сол ауданның ерекшеліктерін ескере отырып Кәсіпкерлік мектептерінің базасында Фермерлерге ғылыми консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашу. Бесінші бағыт бойынша – әрбір ауданның потенциалы мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, 2020 жылға дейінгі нақты индикаторларын бекіту деген болатын.