Жыл сайын елімізде халықтың әл ауқатын арттыру мақсатында баспана алу мәселесі жүйелі жолға қойылып келеді. Осы ретте Елбасы Үкіметке «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын нақтылауды тапсырған болатын. Аталған бағдарлама аясында Түркістан қаласындағы жаңадан бой көтеріп келе жатқан Отырар шағынауданында 5 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы бітуге таяды. Биыл жылдың соңына қарай жаңа пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Бұл туралы Түркістан қалалық әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы кезекте Қазақстан иппотекалық компаниясы арқылы 9 қабатты 2 үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығы белгілі. Жақын күнде мұнда да заман талабына сай баспаналар тұрғындар игілігіне берілетін болады.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар үшін қуанышты хабар – жаңа шағынаауданнан тағы да 8 үйдің құрылысы басталмақ. Бұл көпқабатты үйлерді келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
– Соңғы жылдары Түркістанда тұрғысы келетін азаматтардың қатары көбейіп келеді. Олардың басым бөлігі Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарынан қоныс аударушылар. Баспана салып алу үшін жер сұрайды. Еліміздің қолданыстағы заңына сәйкес қай жақтан көшіп келсе де Қазақстан азаматтарының өтініштерінен бас тарта алмаймыз, тіркеуге аламыз. Бірақ, олардың бәріне инфрақұрылымы толық шешілген жер учаскелерін жеткізе алмаймыз. Соны ескеріп жаңадан ашылған Отырар шағынауданында 100 гектарға 100 көпқабатты үй салуды бастадық. Әзірге мұнда жалпы саны 8 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 2-еуі 9 қабатты, 72 пәтерлі құрылысты «Отау Строй» компаниясы жүргізуде. 4-еуі 5 қабатты, «Қазақстан ипотекалық компаниясына» тиесілі. Ал 60 пәтерден тұратын 2 көпқабатты үй «Қолжетімді баспана 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатыр. Жоспар бойынша 6-уы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жарық, су, газ, кәріз жүйелеріне қосылған, инфрақұрылымы толық шешілген шағынауданда, жаңа үйлерде кез-келген адамның тұрғысы келеді деп ойлаймын, – деген еді Әліпбек Шәріпбекұлы.
Қала басшысының айтуынша бүгінде Түркістан шаһарында 3600-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр.