21.09.2016 в 15:42

ОҚО-да 123 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді

Бүгін өңір басшысы Б.Атамқұлов Елбасы Н.Назарбаевтың жүктеген функциялары мен міндеттерінің орындалуы бойынша облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берді. Мемлекеттік бағдарламалардың өңірімізде іске асырылуы бойынша атқарылған жұмыстардың барысын баяндаған облыс әкімі аймақтағы индустрияландыру, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала мен мәдениет, білім, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартудағы жұмыстарға тоқталды.  Халық қалаулыларымен болған есепті кездесуде аймақ басшысы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасының өңірлерді дамыту бойынша берілген тапсырмаларының орындалуы шеңберінде стратегиялық бағыттардың айқындалғанын жеткізіп, осы міндеттерді бірлесе жүзеге асыру керектігін айтты.

Онда облыс әкімі өңірде І жартыжылдықтың қорытындысымен ауыл шаруашылығының өнім көлемі 123 млрд. теңгені құрап, 2 пайызға артқанын айтты. Ал егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құраған.

Есепті кездесуде мәлім болғандай аграрлы аймақтың шаруалары осы жылы дәндік жүгеріден 108,4 мың тонна, көкөністен 811 мың тонна, бақшадан 1 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жинаған. Сондай-ақ, облыста алғаш рет бидайдың орташа өнімділігі 22 центнерді  құрап, рекордтық өнім алынып отыр.

Жиында аймақ басшысы тамшылатып суғару әдісі қосымша алты мыңға жуық гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға, ал жылыжайлар қосымша 72 гектарға  салынып, жалпы 1 098 гектарға жеткенін айтты. Айта кетейік, жалпы еліміз бойынша жылыжайлардың  87% Оңтүстік үлесінде. Осы жылыжайлардан 80 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды.