23.09.2016 в 00:29

ШҚО-дағы Дегелең тауына арқарлар орала бастады

Фототұзаққа түсіп қалған бейнежазбаларды біздің тілшілерімізге Ұлттық ядролық орталық мамандары көрсетті.  Бұрынғы Семей сынақ алаңындағы ядролық жарылыстардың басым бөлігі осы маңда жасалғаны мәлім. Бұдан 60-70 жыл бұрын аймақта жан-жануарлар тұрмақ, бұлақ көздерінің өзі бітеліп қалған еді.  Бұл бейнежазбалар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр. Арқарлардың үйір-үйір болып Дегелең тауында жайбарақат жайылып жүрген көріністерін Ұлттық ядролық орталықтың мамандары фототұзаққа жазып алыпты. Мұндай ғажайып көрініске ғалымдардың өздері де таңырқасыпты. Андрей Паницкий, ҚР ҰЯО экожүйені кешенді зерттеу бөлімінің басшысы -Дегелең тауының тек бір бөлігінде ғана 92 арқар бар екенін анықтадық. Бұл жерлер қоршалып, күзетілетіндіктен олар емін-еркін жайылып жүр. Кейбіреулер ойлағандай жан-жануарлар әлемінде ерекше бір ауытқулар мен құбыжық көріністер мүлдем кезіктірмедік. Арқарлар Қызыл кітапқа енген жануарлар болғандықтан, оларды аулауға қатаң тиым салынған. «Сондықтан тек табиғи жолмен өлгендерін ғана зерттеуге мәжбүрміз», – дейді ғалымдар. Қазір мұндағы мамандар полигон аумағындағы аң-құстардың бойындағы радионуклидтердің мөлшерін анықтаумен айналысуда. Болат Көкенайұлы, тілші -Мына алақандай ыдысты хайуанаттар бағы деуге болады. Мәселен, мына шыны құтыда арқар жатса, мында қоян, мында суыр жатыр. Бұларды әбден зерттеу үшін апталап, кейде айлап уақыттар кетеді екен. Бұл күндері Курчатовта «Семей сынақ алаңы. Радиациялық мұра және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Оған өз еліміз бен әлемнің 17 мемлекетінен 200-ден астам ғалымдар қатысты.  Олар бұрынғы сынақ алаңының бүгінгі адамзат баласына бейбіт қызмет етенініне сенімді. Шохей Кавано,  эколог-ғалым /Жапония/  -Қазақстанның Ұлттық ядролық орталық мамандары жүргізіп жатқан жүйелі зерттеулерге біз жоғары баға береміз. Фукусимадағы апаттан кейін бізге олардың айтарлықтай көмегі тиді. Болашақта бірлескен жобалар көп болады деген ойдамын. Өткенде атом көлінде балық пайда болғанын айтып, көрсеткен болатынбыз. Енді бұрынғы атом полигоны аумағына арқарлар оралуда. Бұл Ұлы дала атырабының бір бөлігі, талай жыл қасірет шеккен шығыста мамыражай тіршіліктің жандана түсерінің көрінісі болса керек, бұл туралы khabar.kz хабарлайды.