Өңір басшысы Б.Атамқұлов Мақтарал ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы мақта терімінің жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Ақ керуен-2016» мерекелік шарасына қатысып, шаруалармен жүздесті. Кездесу барысында олар өнімнің түсімдігі мен сапасын және мақта шаруашылығындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жерді өңдеудің жаңа әрі тиімді тәсілін қолданудың арқасында Мақтаралдағы 83 мың гектардан астам жерге себілген шитті мақтадан гектарына 19,6 центнерден өнім алынуда. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 34 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен. Мақтаралдық диқандар биыл 200 мың тонна ақ ұлпа теріп алуды жоспарлап отыр. Биыл шаруалар мақтаның келісін 170 теңгеден өткізуде. Мақталы аймақта болған облыс әкімі сонымен қатар, сүт өңдеу цехы мен май шығару цехын және мақта шикізатын өңдеу процесімен танысты. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ақ мақтаның негізгі отаны саналады. Өңірде биылғы жылы 109 мың 600 гектар жерге мақта шиті себілген. Өнім жаман емес. Шығым да жақсы. Тіпті кейбір жерлердегі мақта адам бойына жетеді. Шаруалар қара күзге дейін оны төкпей-шашпай жинап алуға тырысып жатыр. Бастысы ауа райы бұзылып кетпесе болғаны