26.09.2016 в 00:21

«Өрлеу» жобасы - табысты молайту жолы

Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темiрбаева мәлiмдедi. Өңiрде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуы барысын баяндаған ол кедейшiлiк пен жұмыссыздықты төмендету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

— Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтiк қолдау тек мұқтаж адамдарға берiлуi тиiс деген болатын. Бүгiнде облыста орташа күнкөрiс деңгейiнен төмен тұратын 151 мыңнан астам тұрғын бар. Ол өңiр тұрғындарының 5,3 пайызын құрайды. 65923 отбасы 18 жасқа дейiнгi балаларға арналған жәрдемақы алса, 319 отбасыға атаулы әлеуметтiк көмек көрсетiлуде. Әлеуметтiк көмек алушылардың 24,4 пайызы еңбекке жарамды. Сондықтан бiз жұмысқа жарамды азаматтарды түрлi бағдарламаларға тартып, табысын арттыруға күш салудамыз. Сол бағдарламаның бiрi – «Өрлеу» жобасы. Бес институционалдық реформаның 84-қадамын iске асыруға бағытталған жобада аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек көрсетiледi, — дедi Әсия Құралқызы.

 Шартты ақшалай көмек облыстағы 4 аудан, қалада пилоттық жоба ретiнде енгiзiлiп, 139 отбасындағы 913 адамға 23 млн. теңге төленген. Яғни күнкөрiсi төмен отбасыдағы еңбекке жарамды тұрғынның үш айлық жәрдемақысы алдын ала берiледi. Ал, ол алған қаражатты өзiнiң шағын кәсiбiне бағыттайды. Мәселен, осы жоба арқылы Лаура Өтегенова тiгiн машинасын сатып алып, жұмысын бастады. Нәтижесiнде табысы 7 есеге өскен. Ал, Жұмагүл Нуриддинова 3 бас iрi қара сатып алып, табысын 6 есеге арттырған.

— Бiз қаражатты берiп қана қоймай, тұрғындарды белсендi еңбек етуге шақырудамыз. Сондықтан «Өрлеу» жобасын барлық аудан, қалаларда жүзеге асырамыз. Жоба аясында 14927 адам 602,5 млн. теңге көлемiндегi шартты ақшалай көмекпен қамтылады. Осы арқылы кедейшiлiк деңгейiн 6 пайыздан өсiрмеуге күш саламыз, — дедi басқарма басшысы.

 Брифингте «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы, кәсiпкерлiктi дамыту, жастар практикасы және өзге де әлеуметтiк бағдарламалар бойынша оң өзгерiстер бар екенi белгiлi болды. Дағдарысқа қарсы iс-әрекеттер де қолға алынған. Мәселен, биыл 9600 кәсiпорынмен және мекемемен меморандум түзiлiп, нәтижесiнде жұмыстан қысқарту көрсеткiшi әжептеуiр төмендеген.