Қазақтың тойы ұлттық ат спорты ойындарынсыз өткен бе?! Шымкент қаласы əкімінің жүлдесіне арналған көкпар, қыз қуу, жамбы ату, аламан бəйге, қошқар көтеруді көру үшін орталық атшабарға халық көп жиналды,- деп хабарлайды BNews.kz.
Алдымен көкпардан мықтылар анықталды. Финалға Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының көкпаршылары шығып, шешуші сынның екі кезеңінде де шымкенттік шабандоз қарсыластарын тықсырып, жеңімпаз атанды. Ал 3-орынға астаналық шабандоздар табан тіреді.
Одан кейін 19 шақырымға созылған аламан бәйгеде мәре сызығын жамбылдық «Нұртөбел» атты сәйгүлік бірінші кесті. 13 жасар Бақкелді Ахатқа қала əкімі Ғабидолла Əбдірахымов «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті.
«Бұл бəйгеде «Нұртөбелім» алдына қара салмады. Біз Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан келіп, қатысып тұрмыз. Екі жылдан бергі серігімнің бүгін жолда қалдырмағанына қатты қуанып тұрмын», - дейді Бақкелді.
Екінші болып «Спартак», үшінші болып «Дауыл» атты сәйгүліктер келіп, көпшілікті тәнті етті.
Бұдан бөлек, қошқар көтеру сайысы да көңілді көтерді. Білектің күші мен ептілікті қажет ететін сайыста аударыспақтан Азия чемпионы Біржан Қосалиев топ жарды.
Сондай-ақ, атшабарда жамбы ату, қыз қуу, конкур, желдіртіп шабу сайыстары да тартысты өтіп, жеңімпаздарға шаһар басшысы қаржылай сыйлық табыс етті.