26.09.2016 в 01:53

Түлкібаста «Бизнестің жол картасы – 2020» МБ аясында кәсіпкерлік саласы дамып келеді

Түлкібас ауданында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып, жыл сайын кәсіпкерлікпен айналысушылар саны артып келеді. Жеке кәсіптерін ашып жүргізіп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар мен беріліп отырған мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білген түлкібастықтар өздері орналасқан орталарындағы отандастарын да тұрақты жұмыстармен қамтуда. Іскер азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуға ұмтылуларына күре жолдың бойында орын тепкен ауданның суының молдығы, жерінің шұрайлылығы, кез келген кәсіп түріне қолайлылығы себеп болса керек.

Биыл жыл басынан бері бүгінге дейін табиғаты тамаша ауданда жүзден астам азамат қаржы институттары арқылы мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер алып, түрлі бағытта өз жобаларын жүзеге асырып үлгеріпті. Олардың қатарындағы 32 кәсіпкер «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының «Ырыс» микро қаржы ұйымы арқылы жалпы жиынтығы 81 миллион теңгені құрайтын несиелер алған. Ал, 71 іскер азамат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының 186 миллион 600 мың теңге несиесіне қол жеткізіпті. Сонымен қатар үш кәсіпкер «Түлкібас несие» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінен 14 миллион 200 мың теңге алып, жобаларын іске асырған,-хабарлайды rgmedia.kz.

Бүгінде Түлкібас ауданында  шағын және орта бизнесте тіркелген кәсіпкерлердің жалпы саны сегіз мыңға жуықтап қалды. Олар өздерінен өзге 17 жарым мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Ал, орта және шағын кәсіпкерлік саласында өндірілген өнім көлемі 7 жарым милиардқа таяды. Өз кезегінде жергілікті бюджет есебіне түскен салық көлемі 77 миллион теңгені құрады.