28.07.2014 в 09:32

Алмас Тұртаев, Мәжіліс депутаты: «Бизнестің жол картасы-2020» ауылдарды айналып өткендей болды...

 

- Алмас Ұзақұлы, депутаттар ала жаздай елді-мекендерді аралап, жұртпен кездесу өткізіп жатты. Өзіңіз қай өңірлердің жағдайымен таныстыңыз?

- Дәстүрлі сапарымызда әзірге Ақтөбеде және Қызылорда облысында болып, түрлі кездесулер өткіздім. Ақтөбеде облыс орталығына қарасты елді-мекендердегі болған кездесулер нәтижесіндегі азаматтардың мәселелері бойынша қала әкімімен кездесіп, шешілу жолдарын қарастырдық. Тиісті азаматтардың өтінішдері қанағаттандырылатына сенімдімін. Жергілікті жердегі өкілдігімізде ол мәселелерді назарда ұстайтын болады.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында азаматтарымызды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуымен, сол бағыттағы жерлігікті биліктің жұмыстарымен танысу мақсатында Арал, Қазалы аудандарында болдым. Жалпы облыста оң өзгерістер көп. Ауылдың әлеуетін көтеру үшін қыруар тірлік атқарылып жатыр. «Ақниет» жобасы аясында кәсіпкерлік кенже дамыған аудандарда өткен жылы 75 адам грант иегері атаныпты. Биыл тағы 97 жан қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін бастап жатыр. Яғни әлеуметтік теңгерімді назарда ұстап отыр. Кәсіп ашып, іс бастамақшы ауылдағы азаматтарымыздың жобалары несие үшін қойылатын кепілдіктің болмауы немесе өте төмен бағалануы кедергісін келтіріп жатыр.

Еліміз бойынша бұл жүйелі мәселеге айналып отыр. Сондықтан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы алғашқы төрт жылында ауылды айналып өткендей болды. Бұл тез арада шешімін табуы тиіс. Осы бағдарлама аясында ауылмен байланысты тиімді, нәтиже боларына көз жеткен жобаларды «Даму» қоры арқылы кепілдендіру пайызын көтеру т.б механизмдердің барлығын қарастыру керек.

- Биылғы демалысты қалай өткізіп жатырсыз?

- Отбасымен, достармен, әріптестер, жалпы көңіл жақын кісілермен өткен уақыттың өзі демалыс қой. Әзірге арнайылап демалыс жасап үлгермедім. Бәрі жоспарда тұр. Сол жоспардағы бірге өскен достармен де уақыт өткізу, Алматыдағы шипажайлардың бірінде болу және отбасымен Бурабайға, шет елдердің біріне бару жаңа жұмыс маусымына дейін орындалатын шығар.

- Жаңа саяси маусымға қандай дайындықпен келмексіз?

- Мемлекетіміздің мақсаты - шағын және орта бизнесті экономикамыздың күре тамырына айналдыру. Алдағы жаңа сессияда да негізінен осы бағытта жұмыламыз. Отандық бизнестің қазіргі тынысын саралап, заң жобаларына аясында ұсыныстар дайындау күнделікті жүріп жатыр. Отандық бизнестің ұлттық мүддесін назардан шығарған емеспіз. Қазіргі Мәжілістің қарауындағы Мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі жаң жобасы аясындағы жұмысты жалғастырып, сапалы заң дайындауымыз қажет.