30.09.2016 в 01:11

Шымкенттегі Тассай индустриалды аймағында екі жоба іске қосылды

Оңтүстікте жеті индустриалды аймақ бар. Онда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы есебінен жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Тассай» өндіріс ошағында қазір жиһаз кластері мен медициналық құрал-жабдықтар шығаруға бағытталған екі өндіріс орны ашылды. Бұл туралы Қазақстан-Шымкент телеарнасы хабарлайды.

Жобалық құны 345 млн. теңгені құрайтын «Mega SMART» ЖШС-і қырыққа жуық азаматты жұмыспен қамтыған. Өндіріс орны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекет қолдауына ие болды. Бір жылда 72 мың плита мен бес мың дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Өнімнің елу пайызы ішкі нарыққа кетсе, жартысы экспортталады .

«Тассай» индустриалды аймағында келешекте 25 жоба жүзеге аспақ. Барлығы да халықаралық талапқа сай өнім өндіруге мүдделі. Мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктер аймақ ажарын арттыра түспек. Инфрақұрылымға кеткен шығын кәсіпкерлердің төлеген салық есебінен-ақ  өтеліп жатыр.

Түстік өңірде  индустриалды аймақ үшін  бөлінген жер телімдерінің  ауданы - 976 га. Бүгінге дейін жалпы көлемі 592 га құрайтын жеті индустриалды аймақ  пайдалануға берілген.  Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті он бірге жеткізу жоспарланып отыр.