30.09.2016 в 14:43

ШҚО әкімі Глубокое ауданында болды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданында болып, маңызды нысандар мен жаңа кәсіпорындарды аралады. Жұмыс сапарын аудан орталығындағы жылу қазандығынан бастаған өңір басшысы нысанды ағымдық жөндеуге бөлінген 61 млн. теңгенің қалай игерілгеніне назар аударды. Бүгінде мұндағы екі негізгі қазандық толық жөндеуден өтіп, маусымға сақадай сай күйге келтіріліпті. Ал сақтық үшін орнатылған қосымша қазандық қазан айында дайын болады деп күтілуде. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары іске қосылған жылу қазандығының тозығы жеткенін сыртқы кейпінен-ақ көруге болады. Нысанның бас инженері Валерий Шаравин ескірген екі қазандықтың ары кетсе екі-ақ жылдық «ғұмыры» қалғанын айтады. Алайда бұл қазандықтарды жаңасымен алмастыратындай тиімді жоба табылмай отыр. О баста бұл жылу ғимараты Кузбаск көмірін тұтынатындай етіп жасалған екен. Ал Қаражыраның көмірінен өндірген жылудың шығыны орасан. Жергілікті «Теплоэнергия» кәсіпорнының ұсынып отырған жобасына 1,2 млрд теңгеден астам қаржы қажет. Аймақ басшысы жобаның өз бағасына сай емес екенін қадап айтты.

-Өткен жылы да дәл осындай утопиялық жоба ұсынған болатынсыздар. Көрші елден ескі технологияға негізделген қондырғы әкеп орнатқанмен мәселе шешілмейді. Өзін ақтайтындай тиімді жоба дайындаңыздар, - деді Даниал АХМЕТОВ.

Облыс басшысы өткен жылы ғана кент аумағынан бой көтерген шағын кірпіш зауытына да бас сұқты. Тәулігіне 15000 дана кірпіш шығаратын өндіріс ошағында 75 адам жұмыс істейді. Сол 75 адамның күшімен құйылатын «М100» маркалы кірпіштерді әзірге Өскеменнің құрылыс компаниялары мен жеке тұрғындар тұтынуда. «Шығыс Керамика» ЖШС-нің атқарушы директоры Ермек Темишев сұраныс артса, өндіріс желісін кеңейтуге дайын екенін айтады. Қазір де сұраныстың аздығынан зауыт толық қуатына ене алмай отырса керек. Шикізат алатын карьер зауытқа жақын жатқандықтан өнімнің өзіндік құны арзанға түсіп отыр. Қызыл кірпіштің әр данасы 35 теңгеден сатылуда. Ал Глубокое кентінен әкетуге шамасы келмегендер облыс орталығына 37 теңгеден тапсырыс бере алады. Аймақ басшысы зауыттың баға саясатын дұрыс ұстанып отырғанын айта келе, сапаға көңіл бөлу керектігін ескертті.