«Биыл 138 мектепті жөндеуден өткізсек, келер жылы да сол межеден түспеу қажет. Осылайша алдағы 2-3 жылда бұл мәселені толық шешеміз. Алайда ол үшін бір рет жөнделген мектепке екінші рет қайта оралмауымыз керек. Яғни жөндеуді қажет ететін мектептерді саралау кезінде ұсақ-түйектің бәрін назарға алып, жобаны мұқият әзірлеген жөн», - деді Даниал АХМЕТОВ.
Сонымен қатар, облыс әкімі аудандық орталық аурухананың жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылысқа жауапты «Элхон» ЖШС барлық ақауды жойып іргетасын қайтадан монолит төсеніштермен бекемдеген. Қақыраған қабырғалар да жөндеуден өтіп, ақау толық жойылған. Мұнда сондай-ақ инфекциялық аурухананың ескі ғимаратын қайта жарақтау жобасы қолға алынған. Оған облыс бюджетінен 84 млн. теңге бөлінген. Қыс түскенше мұндағы жұмыстар да аяқталып, науқастарға заманға сай қызмет көрсетілетін болады. Жөндеу жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы барлық құрылысты сапалы әрі уақытысында тапсырылу қажеттігін жіті қадағалауды тиісті сала басшыларына тапсырды.