30.09.2016 в 16:09

ШҚО әкімі: Глубокое ауданы ағаш өңдеу саласын дамытуға мүмкіндігі мол

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың Глубокое ауданына жасаған жұмыс сапары  Тарханка ауылында түйінделді. Онда әкім Үлбі өзенінің арнасы бұзылуы салдарынан зардап шегуі мүмкін үйлердің жағдайымен танысты. Аудан әкімі Қалихан Байғонысов өз бетімен ағып жатқан Үлбі өзені бірнеше жыл бұрын теміржолдың суағарына қауіп төндіргендіктен, бөгеу салынып, арнасынан сәл ауытқығанын айтады. Соның кесірінен Үлбінің суы Тарханка ауылының шетіне жақындай түскен. Жыл сайын жағасы опырылып, өзен арнасы мысықтабандап ауыл іргесіне жақындап келеді. Жағаны толық бекемдеу үшін 80 млн. теңгеден астам қаржы керек. Аймақ басшысы жобаны қолға алмас бұрын мұқият зерттеу жүргізіп, тиімді жолдарды қарастыру керектігін ескертті.

-Тарханканы өзен шайып кетуі мүмкін деген дауылдан шеткері жатқан 4-5 үйді қараусыз қалдырмаймыз. Менің ойымша, өзеннің арнасын бекемдеуге 100 млн. теңге шығындағанша, қауіп төнеді делінген бес үйдің иесіне ауылдың ортасынан жаңа үйлер салып берген әлдеқайда тиімді, - деді облыс әкімі.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ауданның даму деңгейін оң бағалады. Әсіресе сүт өндірісін дамытудың өңірлік бағдарламасы жүйелі түрде қолға алынғанын атаған аймақ басшысы ағаш өңдеудегі мүмкіндіктерді пайдалануға күш салу керектігін айтты.

-Ауданның әлеуеті өте зор. Соның ішінде ағаш өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік мол. Ол үшін инвестиция қажет. Биылғы инвестициялық форумда бұл мәселені шешуге күш салатын боламыз. Халықтан сүт қабылдау бойынша ауданда жұмыс дұрыс жолға қойылғанын көрдік. Жалпы, облыс көлемінде бұл жұмыс бір арнаға түсіп, негізі қаланды деп есептеймін. Ендігі міндет жергілікті сүт өндірісінен ұнтақты шикізатты ығыстырып шығару қажет. Оның орнын халықтан жиналған сүтпен толтыратын боламыз. Біз шаруалардың жұмысын жеңілдетуге барынша мүдделіміз. Өнім өндіруші адам оны қайда және қалай сату керек деген сауалдарға бас қатырмауы керек. Бұл мәселені шешу атқарушы биліктің міндетіне кіруі тиіс, - деді өңір басшысы.