06.10.2016 в 11:30

ОҚО-да «Ontustik Tourism-2016» Халықаралық туристік форум өз жұмысын бастады

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Ontustik Tourism-2016» туристік форумы өз жұмысын бастады. Халықаралық шараға Кувейт, Македония, Испания, Пәкістан, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Чехия елдерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілері мен Консулдары, шет елдік және қазақстандық туристік операторлар, жоғары оқу орындары мен 10 шақты шет елдік БАҚ өкілдері, оның ішінде Ұлыбританияның «US Television», Испанияның «EFE» ақпараттық агенттігі, сонымен бірге, еліміздің өзге облыстарынан келген делегациялар да қатысуда.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен Қазақстан Республикасы инвестиция және даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған форум аясында «Оңтүстік Қазақстан облысы - Жібек Жолының жүрегі» тақырыбында бизнес-конференция өтіп, «Silk Way Tourism Fair» туристік көрмесі ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасатын халықаралық форумға келген қонақтар үшін Оңтүстік Қазақстан облысының туристік аймақтарына ақпараттық турлар ұйымдастырылатын болады.

Шарада, Түркітілдес елдерінің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысының орынбасары, халықаралық қонақ үй және туризм саласындағы ұйымдардың, ЖОО өкілдерінің туризмнің халықаралық деңгейде дамыту процесі тақырыбында сөз қозғалады.

Осының аясында, Сарыағаш жаңа курорт қалашығын дамыту, жол бойы қызмет көрсету нысандарын салу, туризм мектебін құру және Оңтүстік өңіріне инвестиция тарту бағытында 7 меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

Форум туризм саласындағы өңіраралық және халықаралық серіктестіктерді қарқындату, туризм және қонақжайлық қызмет саласындағы іскерлік қатынастарды орнатуға мүмкіндік береді.