Өйткені бұл өлкенің қайталанбас сұлу табиғатын шетелдіктерге жарнамалаудың ең ұтымды жолы, - дейді парк жетекшілері.
643 мың гектар аумақты алып жатқан Қатонқарағай ұлттық паркінің тұмса табиғатымен мақтанатындай жөні бар. Басынан қар кетпейтін таулар да, құлай аққан сарқырамалар да, ит тұмсығы батпайтын ормандар мен мұзтаулар да осында. Ұлттық парк ұжымы «осының барлығына тек қана жарнама жетпей тұр, сондықтан EXPO көрмесінің қатысушыларына есігіміз айқара ашық», дейді.
«EXPO-ға байланысты Қатонқарағай ұлттық паркінде, Қатонқарағай ауданында көрсететін үлкен табиғи кешендер, сарқырама, көлдер, мұзтау бар», - дейді Қатонқарағай ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ерлан Мұстафин.
Парк ұжымы бұл жерге бір келген адамның қайта ораларына сенімді. Мәселен, 7 мың шақырым жолды автокөлікпен жүріп өткен жас турист, мәскеулік фотограф Дина Фатаховаға Қатонқарағайдың көз тартар әдемілігі керемет шабыт сыйлапты. Оның үстіне ұлттық дәстүрдің көріністері шетелдік қонақты ерекше таңқалдырған екен.
«Мен алдымен Моңғолияға барып, сосын Қазақстанда 10 күндей болармын деп жоспарлағанмын. Алайда мінеки, осында тоқтағаныма бір ай болды, мүлдем қайтқым келер емес. Бұл жер мен ойлағандай емес, табиғатымен де ұлттық нақыштарымен де айрықша ұнады», - дейді мәскеулік турист Дина Фатахова.
Ұлтық парк ұжымы рафтинг спорты бойынша пилоттық жоба бастамақ. Балық аулау, атпен серуендеу, қиын соқпақтар арқылы сарқырамаға жету сияқты демалыс түрлерін де ұсынуға дайын.
Қатонқарағай ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы Александр Кобзевтің айтуынша, бүгінгі күні EXPO-2017 халықаралық көрмесіне әзірлік жүріп жатыр. «Қазір аймағымызды одан сайын көріктендіріп, кем-кетік жерлерді қалыпқа келтіріп жатырмыз. Туристерді қыдырту үшін ең әдемі, ең ерекше бағыттар таңдалған. Парк жетекшілігі қонақтарға қолайлы болуы үшін дәл осы аумақ ішінен марал шаруашылығын ашуды да көздеп отыр. Айта кеткен жөн, соңғы 15 жылда Қатонқарағай аймағына келген туристер саны 10 есеге артқан», - деп атап өтті ол.
Ақпарат көзі: «Хабар 24» телеарнасы.