13.10.2016 в 01:16

ОҚО-ның индустриалды-инновациялық даму қарқыны жоғары

Оңтүстік Қазақстан облысында 2003 жылдан бастап 2016 жылға дейін 341 кәсіпорында 25718 адам жұмыс орнымен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ал, 2010 жылдан бастап осы күнге дейін  облыста индустриалды-инновациялық бағдарламаның аясында 143 кәсіпорында 12869 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының қорытындысы бойынша өңірде жаңа өнім түрлері игерілген. Олар: кілем; жоғары маркалық цемент; ПВХ-профиль; битум, полианион целлюлозасы; құрылыстық әйнектер; үндік етінен жасалған тағамдар; мотор майлары; шынылар; полиетилендік құбырлары мен басқа да бұйымдар; вакуумдық пробиркалар; қағаздар мен гофрокартон; насостар; химиялық тұрмыстық тазартқыш құралдар; медициналық қондырғылар мен бұйымдар; дәрі-дәрмектер және т.б.

ОҚО Арнайы экономикалық аймағында Қазақстанда алғашқы рет кілем өндіретін екі ірі жоба жүзеге асырылды. Олар: «Назар Текстиль» және «Бал Текстиль» ЖШС. Бұл фабрикаларда озық технологиялар қолданылады.

«Бал Текстиль» ЖШС кілем тоқуға арналған синтетикалық иірімжіп өндірісін игеріп, бұрын Индонезия, Өзбекстан және Түркиядан импортталатын шикізатты енді өз базасында шығаруда.

«Әлем БТ» ЖШС-інде «KORE» кореялық технологиясымен шұлық бұйымдарының өндірісі іске қосылып, Ресей және алыс шет мемлекеттерге экспортталуда. Өндірісте оңтүстіктің мақтасы және иірім жібі қолданылады.

Мақталы өңірдің әлеуетін толыққанды пайдалану бойынша Елбасының тапсырмасына сәйкес «AZALA Textile» фабрикасын кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай еуропалық жабдықтар орнатылды. Осының арқасында, өндіріс толық циклді кәсіпорынға айналды. Мәселен, компания өзі өсірген мақтадан иірім жіп шығарып, одан мата шығарып, бояп, матадан өз кезегінде дайын бұйым шығарып жатыр.

«Golden Nomad» маркасымен брендтік костюм тігетін фабрикасы ашылып, қазіргі таңда бүкіл Қазақстанға танымал болды. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысында индустриялық даму жобалары жүзеге асып келеді. Алдағы уақытта да атқарылар жұмыстар жетерлік.