Ел экономикасының соңғы жылдардағы қарқынды даму үрдісінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шешуші рөл атқарды. Бағдарламаның бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша елімізде бүгінгі заманның талабына сай келетін өркениетті өндіріс ошақтары іске қосылды.
Бұдан бөлек, өткен жылы Тассай елдімекенінде 89 га жер телімінде индустриялық аймақ құрылып, жалпы құны 19 346 миллион теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба орналастырылды. Жыл соңына дейін мұнда тағы 2 жобаны іске қосу жоспарлануда.
2010 жылы аумағы 200 га жер телімінде «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы құрылғаны белгілі. Мұнда заманауи технологиялар арқылы Оңтүстіктің мақтасы «Қазақстанда жасалған» деген тауар белгісімен әлемдік нарыққа жол тартты. Нәтижесінде, 2010-2015 жылдар аралығында құны 27,8 миллиард теңге көлемінде 10 жоба жүзеге асырылды.
– Қазір бүкіл әлемді дағдарыс теңселтіп тұр. Осындай жағдайда Мемлекет басшысы Қазақстанды дағдарыс толқындарына ұрындырмай, экономикалық қуатын еселеуге серпін берді. Мемлекетіміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу, Мәңгілік Ел болу міндетін абыроймен орындап келеді. Шырайлы Шымкент қаласы да осы мемлекеттік мәселеге сүбелі үлес қосуда. Елбасы тапсырмасы тиянақты орындалып жатыр, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Қаныбеков.
Мемлекеттің келешегі – өндіріс орындарында. Осы арқылы, халықты толықтай жұмыспен қамту мүмкіндігі де туындайды. Облыс орталығында қазір ірі жобалар жүзеге асуда. Табиғи және әлеуеттік мүмкіндігіне сай, инвестиция салатын, өндірісті жандандыратын жұмыстар мұнда әбден жеткілікті. Демек, Шымкентті өркенді істердің ордасы деуге негіз бар.