Оның айтуынша, дәрігер мамандардың біліктілігін көтеру де жылдан - жылға жақсарып, өз нәтижесін беруде. Кадрлардың біліктілігін арттыруға «003» бағдарламасы бойынша 2015 жылы - 69 млн. 646 мың теңге, ал 2016 жылы - 52 млн. 624 мың теңге қаражат бөлінген. 2015 жылы «003» бағдарлама шеңберінде Санкт Петербург қаласында - 3, Курган қаласында - 2, Москвада - 2, Лондонда - 4 дәрігер біліктілігін арттырып келді.
Жамбыл облыстық перинаталдық орталығы базасында «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Литва Республикасының мамандары мен оқытушыларының қатысуымен «Қауіпсіз ана болу» заманауи позицияларына сәйкес перинаталдық көмек көрсетуді жетілдіру тақырыбында шеберлік сыныбы ұйымдастырылып, ана мен бала денсаулығын арттыру бағытында 23 маман оқытылды.
Елбасының қолдауымен емдеу алдын алу мекемелерінің бой көтеріп, заманауи үлгіде салынып, халықтың игілігіне берілуі, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан қамқорлықтар – біздің тәуелсіз ел болғанымыздың кепілі. Біздің мемлекетімізде қашан да қоғамның басты байлығы саналатын – адамға, адамдар денсаулығын арттыруға баса назар аударылуда. Елбасы өзінің әр жылғы халыққа арналатын Жолдауында да тұрғындардың денсаулығын жақсартуды басты мәселелердің бірі етіп қойып, бұл бағытта барлық мүмкіншіліктерді жасап келеді.
Биылғы жылдан бастап «Денсаулық» 2016-2019 мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алып, бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесі аясында әрі қарай мақсатты түрде жұмыс жүргізе беретін боламыз. Адам мамандығының құлы болмай – еңбегінің құны болмайды. Біздің басты құндылығымыз – халық денсаулығын арттыруға бағытталған істер, - деп сөзін түйіндеді спикер.