Марат Жұманқұловтың айтуынша, соңғы кездері мемлекетіміз саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірдің барлық салаларында орасан зор өзгерістерге қол жеткізді. Оның ішінде басты байлық – денсаулыққа, яғни тұрғындар денсаулығын арттыруға баса назар аударылуда. Себебі, ел Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің әр жылғы халыққа арналатын Жолдауында тұрғындардың денсаулығын жақсартуды басты мәселелердің бірі етіп қойып келеді.
Ұлт денсаулығының деңгейі - мемлекеттің даму көрсеткіші болып табылады. Сондықтан да болар, жылдан - жылға денсаулық саласына бөлінетін қаражат көлемі де молайып, алдын - алу, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да жақсара түсуде. 25 жыл ішінде Жамбыл облысының медицинасы да көптеген қиындықтардан өтті, біршама белестерді бағындырды.
Атап айтар болсақ, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлеміне 2005 жылы - 9,2 млрд. теңге бөлінсе, 2016 жылы - 40 млрд. теңге бөлінді, яғни 11 жыл ішінде ол - 4,4 есеге арттырылды.
2016 жылдың 1 - қыркүйегінде бөлінетін қаражат көлеміне жоспар - 38,4 млрд. теңгені құраса, оның ішінде жергілікті бюджеттен - 14,1 млрд. теңге, республикалық бюджеттен - 24,3 млрд. теңге болды.
Атқарылған мақсатты шаралар арқасында денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштердің төмендеуі байқалды: Жалпы өлім-жітім көрсеткіші соңғы 25 жылды талдау арқылы (1992 ж. - 7,9, 2016 ж. - 6,0) 1992 жылдан 24,0 пайызға төмендеді. Аналар өлім - жітімі көпжылдық талдау нәтижесінде (1992 ж. - 33,5, 2016 ж. - 17,2) 1992 жылдан 48,6 пайызға төмендеген. Нәрестелік өлім (1992ж. - 33,5, 2016ж. - 10,3) 1992 жылдан 69,2 пайызға төмендеген.
Денсаулық сақтау нысандарын соғу екпіні де жоғары. Егер, 1991 жылдан 2009 жылға дейін 27 денсаулық сақтау нысаны соғылса, 2009 - 2015 жылдар аралығында 92 нысан ел игілігіне пайдалануға берілген.
Биылғы жылы Меркі ауданы Меркі ауылындағы жалпы сметалық құны - 1,8 млрд.теңге болатын 250 келушіге арналған аудандық емхана құрылысын жалғастыруға республикалық және облыстық бюджет есебінен 1,06 млрд. теңге қарастырылып, оның - 932,0 млн.теңгесі игерілді, - деді Марат Сейтбекұлы.