27.10.2016 в 21:08

Жамбылда 59 мың шағын және орта бизнес мекемелері тіркелген

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Даму» Кәсіпкерлік қоры» АҚ Жамбыл облысы филиалының директоры Асқаров Азамат Исламұлы «Береке» өңірлік бағдарламасының орындалу барысы туралы журналистермен кездесу өткізді. Жиын барысында Азамат Исламұлы бұл бағыттағы жұмыстардың жүзеге асу барысы мен алғашқы нәтижелері туралы баяндады.

Азамат Исламұлының айтуынша, Жамбыл облысында жылдан - жылға белсенді шағын-орта бизнес субъектілер саны, өндірілетін өнім көлемі, сонымен қатар осы саладағы жұмыс орын саны да ұлғаюда, айталық, бүгінгі күні облыста 59 мың шағын және орта бизнес мекемелері тіркелген, мұнда 127 мың адам жұмыс жасайды, яғни экономикалық белсенді халықтың 23,5 пайызы. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша аймақтық филиалы, облыстың экономикасын әртараптандыру мақсатында, «Бизнестің жол картасы – 2020» Біріңғай бағдарламасы және жеке жобалары шеңберінде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Айталық, Біріңғай бағдарламаның «Кәсіпкерлер несиесінің пайыздық үстемесін субсидиялау» тетігі бойынша, жалпы несие портфелінің соммасы 18,0 млрд. теңге құрайтын 134 жоба мақұлданды. «Кепілдендіру» тетігі бойынша 49 жоба мақұлданды, несие портфелінің соммасы 984 млн. теңге, оның ішінде кепілдендіру құны 409 млн. теңге, - деді қор басшысы.