03.08.2014 в 11:06

Абсолютті билік дамуды тежейді

 

Демократия жоқ елдерде ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық даму болмайды. Ондай мемлекеттерде билік уақытша жайлы жағдай жасауы мүмкін, бірақ ол ұзаққа созылмайды. Бұған мысал ретінде Оңтүстік және Солтүстік Кореяны, Тайвань мен Қытайды салыстырып айтуға болады.

Абсолютті билік орнату және күшті бір орталыққа бағындыру белгілі бір кезеңде экономикаға динамика беріп, инвестициялар тартуға жағдай жасайды. Біраз уақыт өткен соң халықтың жағдайы жақсарып, еңсесі көтеріледі. Осындай кезде қоғамда демократиялық көңіл-күй пайда болады. Ал бұл диктаторлардың мазасын қашыра бастайды. Сосын билік қоғамды күшпен басып, экономиканы тұралатып алғанымен қоймай, кері кетіріп алады. Кеңестер Одағы дәл осыған мысал.

Адамға жеке меншік құқығы табиғи тұрғыда, туған сәттен беріледі. Кеңестік немесе соған ұқсас жүйелерде адамның бұл құқығы жоққа шығарылып, нәтижесінде жұмысшыларда шығармашылық тұрғыда ойлау ынтасы жойылды.

Бүгінгі Ресейді адам құқығын сақтау, демократиялық еркіндік тұрғысынан алып қарасақ, жанға жайлы мемлекет деп айта алмаймыз. Бай қазыналы мұнайы мен газы, табиғи ресурстары болса да, Ресей дами қойған жоқ.

Мәселе экономистердің, кәсіпкерлер мен инвесторлардың Ресейдегі жеке меншік құқығының, жалпы құқықтың аяққа тапталмауы сияқты дүниелер алаңдататынында болып отыр. Осының бәрін көріп, біліп отырса да халық неге путиндік диктатураға шыдап отыр? 1917 жылы патшалық жүйені құлатуға негіз болған революцияны жасаған халық әлі күнге дейін диктторлық режимге төзіп келеді? Әлде социалистік дәуірде қалыптасқан адалдық мәдениеті ме?

Демократиялық көңіл-күйдің туындауы мен өзгеруіне дін, қоғамдық сана, мәдени орта, географиялық құрылым, билік басындағылардың мақсаты, тіпті генетикалық құрылым сияқты бірнеше факторлар ықпал етеді. Егер Ресейде ағылшындар тұрған болса, Путин өзінің диктаторлық стилінде демократияны жобалап алар ма еді?

Әрине, демократияны кім болса сол қалағанынша жасай алмайды.Сомалиді алайықшы. Саяси тұрғыда бөлшектеніп елде хаос орнады. Тиісінше, нарықтық жүйенің жұмысына зиянын тигізіп жатыр.

Ұлыбританияда басталған өндірістік революция мен оның салдары бүкіл Еуропаға жайылды. XVIII-XIX ғасырларда әлемге таралды. Абсолютті режимдегілерге келгенде кідіріп қалды. Индустриалды төңкерістер патшалық Ресей, сұлтан басқаратын Осман империясы және Қытай империясын айналып өтті.

1445 жылы кітап басу ойлап табылды, ал 1485 жылы Баязид ІІ Осман империясында кітап басуға тыйым салатын жарлық шығарды. Осман монархының жарлығына сәйкес, мұсылмандарға араб тілінде кітап таратуға рұқсат жоқ. 40 жыл бойы осман мемлекетінде баспа машинасын кіргізбеді. Тіпті барлық кітап басуға қатаң бақылау орнатылды.

Бір журналист менен сұрады: «Республикалық халықтық партия қалайша осман мұраларын жоққа шығарады». Мен оған: «Республика әкімшілігі осман мұраларынан бас тарта алмайды. Өйткені ол кезеңде де, қазір де сол бір ғана ұлт. Сайып келгенде біз тек қана халифатты және абсолютті жүйені ғана жоққа шығардық» деп жауап бердім.

Жаһандану кезінде кез келген мемлекет шетел капиталына, сыртқы саудаға мұқтаж болады. Бірақ шетел капиталы үшін Ресейдің бүгінгі абсолютті тәртібі сенімсіздік тудырып отыр. Ешбір отандық, ешбір шетелдік капитал немесе бизнес диктатордың қысымымен отырған елдің заңдарына сене алмайды. Бұның бәрі жинақтау, инвестиция, даму және әл-ауқат деңгейімен тығыз байланысты.

Эсфендер Коркмаз (Esfender Korkmaz) экономист, журналист, Түркия Ұлы жиынының депутаты

«Yenicag»,Түркия