Осынау «Алтын күз - 2016» және «Қала күні» мерейлі мерекесін арыстықтар салтанатты түрде атап өтті.
Қос мереке аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер тұрғындарға нарық бағасынан 20-30 пайызға төмен бағада ұсынылды.
Мерекелік шараға қатысқан қала әкімі М.Қадырбек шаруалардың өндірген өнімдерімен танысып, тұтынушылармен жүздесті. Аталған жәрмеңкеде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл еңбеккерлері өндірген өнімдерден ұлттық тағамдар әзірленді.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Алтын күз-2016» жеңімпазы Монтайтас ауылдық округі әкімдігіне «Нива» автокөлігінің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.
Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған қалалық «Мәдениетім мақтанышым» өнер фестивалінде қала, ауыл өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламалары мен көрмелерін халыққа ұсынған болатын.
Қос мерекенің қуанышты сәтінде «Мәдениетім мақтанышым» өнер фестивалінің Бас жүлде иегері Жиделі ауылдық округі атанып, өнерпаздарға «Гранта» автокөлігінің кілті табысталды.
Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, қаламыздың әншілері жиналған қауымға өнер көрсетіп, ән-биден шашу шашты.