Жастар форумының жұмысына сәттілік тілеген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев кез келген мемлекеттің дамуы мен экономикасының өсуі жастардың қатысуынсыз мүмкін еместігін айтып, болашағымыз жастардың қолында екенін жеткізді.
Облыстық жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған форумда еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы мен ауыл жастарын бизнеске тарту, жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.
Жиын барысында осы жылдың 1 желтоқсан күні Астана қаласында өтетін республикалық жастар форумына Оңтүстік Қазақстан облысынан 102 делегаттың баратыны анықталды.
Кездесу соңында жастар әкімге кәсіпкерлікпен шұғылдануға қолдау көрсету, шетелдік оқу орындарына грант бөлу, мемлекеттік қызметте сатылай өсу сынды бірқатар сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.
Айта кетейік, бүгінде облыстағы жастар саны 800 мыңға жуық азаматты құрайды. Бұл өз кезегінде республикамыздың кейбір облыстарының жалпы халқының санынан да жоғары екенін көрсетеді. Ал облыстағы 12 жоғары және 91 орта арнаулы оқу орындарында жалпы саны 138 мың студент білім алуда. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатында 23 мың жастар мүшесі бар.