Республикалық азаматтық кеңес форумының қарсаңында өткізіліп отырған шараға аймақтағы үкіметтік емес ұйым басшылары, қоғамдық және мемлекеттік ұйым өкілдері қатысуда.
– Форум барысында біз тәуелсіздік жылдарында үкіметтік емес ұйымдардың атқарған жұмыстарын талдай отырып, жаңа бағыттарды айқындаймыз. Себебі өсіп-өркендеп келе жатқан елдің осы бағытта да атқарылған жұмысын қадағалаушы ұйымы болуы қажет, – деді облыстық мәслихат депутаты, ШҚО Азаматтық Альянс төрағасы Олег Чернышов.
Форумның бірінші бөлімінде қатысушылар семинар барысында Қоғамдық кеңестің жұмысын талқылай отырып, мемлекеттік мекемелер және БАҚ өкілдерімен бірлесе жұмыс атқару бойынша пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ, белсенділік танытып, жұмыс көрсеткішімен жоғары жетістікке жеткен ҮЕҰ басшылары марапатталып, республикалық форумда ШҚО атынан қатысатын делегаттар сайланбақ.