Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында көлік жолдары кеңейтіліп, көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқын алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Бұған дейін батпаққа батып жүрген оқушылар мектепке асфальт жаяужолымен қатынайтын болды. «Біркөлік» демалыс аймағындағы көшелер қос тараптағы көліктің бір мезетте өтуі үшін тарлық ететін. Ені алты метр болатын жолдар тоғыз метрге дейін кеңейтіліп, асфальт төселуде. Туризмді дамытуға қолайлы ауданның демалыс орындарына келушілер енді еш кедергісіз серуендейтін болды», - делінген таратылған хабарламада. Көшені кеңейтуді ауыл тұрғындары да қолдайды. Ұсынысқа қарсылық білдірместен, шарбақтарын өз еркімен бұзып, қоршалған жерді ел игілігіне беруде. Көпұлтты ұлыстар мекендеген таулы аймақтың тату жұрты «болашағымыз - бірлікте» дегенді айтады. Төлебиді көркейту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Аудан ауылдарында қазір көшелерге арнайы жарықшамдар орнатылуда. Жол бойындағы қоршауларға да әр кірген, олар күрделі жөндеуден өтіп, сырланды. Ойдым-ойдым жолдар да жөнделді. Осылайша Төлеби ауданында халыққа ең қажетті дүниелер шешімін тауып, іргелі істер атқарылуда.