06.11.2016 в 23:00

Төлебилік кәсіпкер лимон өсіріп жатыр

Үндістан, Үнді Қытай, Оңтүстік Қытайда өсірілетін цитрусты жеміс Төлеби ауданына да келді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Алғашында жүрексініп жүргендер,  тәуекелге барып, жылыжайларда сынақ ретінде лимон өсіре бастады. Лимон баптаудың тәсілдерін меңгерген Юрий Ким Көксайек елдімекенінде 0,07 гектар  жылыжайда лимон өсіруді қолға алған. Жылыжайда төрт жүзге жуық лимон көшеті отырғызылған. Кәсіпкердің үміті ақталып, нәтиже бере бастаған соң, оны кәсіпке айналдыру көзделді. Үш жыл бұрын егілген көшеттер бабы келіскен болу керек, биыл-ақ алғашқы нышандарын көрсете бастады. Кәсіпкер Юрий Алексеевич өз қаражатына салған лимонарийге асқан төзімділік қажет екенін айтады. Осыған қарап, басқа банан, киви сияқты тропикалық жемістерді еш қорықпастан жылыжайларда өсіруге болатын сияқты. Биіктігі 3-6 метрге жететін бұл өсімдіктің үйде өсірілетіні  екі метрге дейін жетеді. алпыс жыл жасайтын лимон ағашы үй жағдайында қырық жыл өмір сүреді. Ұрығын өсірсе, қырық күннен кейін көріне бастайды. Алғашқы жемісін 6-10 жылда береді. Өйткені, баяу өседі. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысында елімізде бұрын соңды өсірілмеген жемістерді өсіру қолға алына бастады. Кәсіпкердің үміті ақталып, еңбегі жанатын болса, төлебиліктер цитрустық жемісті алыстан арбаламайтын болады.