ЖШС-тің директоры Бақтияр Алдашовтың айтуынша кәсіпорын екі жылдан бері қалыптасу процесінде болған. Мәселен, жоба бойынша күніне 50 тонна өнім өндірілу қажет болса, қазір тек 30-35 тонна цианид натрийі шығарылады. Зауыт толық бір қалыпқа келмейінше оның бар қуатын пайдалану қауіпті екенін де серіктестік басшысы атап өтті.
Қажетті өнімді алу үшін шикізат еліміздің Ақтау, Шыршық, Павлодар сынды өңірлерінен және Қытай елінен арнайы алынады. Жалпы есеппен алғанда, шикізаттың 80 пайызы Қазақстанның қалаларынан жеткізіледі.
Алтын өндірісінде пайдаланылатын таптырмас өнім – цианид натрийін «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тек Жамбыл облысындағы өнеркәсіп орындары емес, еліміздің барлық қалаларынан алатынын айта кету керек.
Баспасөз-туры барысында журналистер минералды кендерді өндіретін «Каратау ПРО» ЖШС-де болды. Аталған кәсіпорын 2017 жылы іске қосылады деп күтілуде. Әлі құрылысы толық аяқталмаған бұл кәсіпорында 100-ден аса адам жұмысқа тартылған, ал кәсіпорын іске қосылған соң 60 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.
Қаратау қаласын М400, М500 маркалы цементпен қамтамасыз етіп отырған «Жамбыл Недр» ЖШС-і жылына 300 мың тонна өнім шығарып отырғаны жайлы да кәсіпорынға ат басын тіреген журналистерге айтылды. Құны 3365,7 млн. теңгені құрайтын бұл жоба да аймақтағы 150-200 адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар-ды.
Сондай-ақ, Талас ауданында мәрмәр тастарын шығаратын зауыт орналасқан. Мәрмәр тастан қабырғаларға арналған плиткалар, баспалдақтар, табиғи тастар, сонымен бірге ескерткіштер мен плиталар шығаратын «Атамекен-Мрамор-Көктал» ЖШС қазіргі таңда 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік басшысы Шолпан Қырықбаева мәрмәр тастарын өндіруден басқа жылыжаймен айналысып, ұжымға қажетті көкөністер өсіру де жоспарда бар екенін айтты.
БАҚ өкілдері Талас ауданында жеке кәсіпкерліктің дамығанына да көз жеткізді. Мәселен, жеке кәсіпкер Кайыпова Қалдыкүл кеңес заманынан бері, 40 жылға жуық уақыт нан пісірумен айналысқан. Уақыт өте өзінің жеке кәсіпкерлік жолын дамытып, наубайхана ашып, қазір отбасымен жұмыс жасауда. Ол наубайхана тұтас ауданның біршама бөлшегін нана өнімдерімен қамтып, жергілікті он адамға жұмыс ұсынуда.
Бұдан өзге, Талас ауданының жергілікті тұрғындарына тағы бір қуанышты хабар – ол 250 адамға арналған емхананың ашылуы болады. Жобалық құны 1 125 924 мың теңгені құрайтын бұл емхананың құрылысы 2014 жылы басталған. Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен қазығы қағылған бұл емхананың құрылысымен «Корпорация ЖилСтрой-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналлысқан. 250 адамға арналған бұл емхананы 2016 жылдың қараша айында халық игілігіне ұсыну жоспарлануда.