21.11.2016 в 10:37

Қазақстандағы «Englishman» ТОП-10 жоғары лауазымды тұлға

Кез-келген елдің тек сыртқы саясаты ғана емес, сондай-ақ ішкі саясатында жүрген тұлғаларының ағылшын тілін меңгеруі сол елдің кәсіби сауаттылығын көрсетеді. Ағылшын тілін жетік меңгеру дегеніміз тек қана 100 пайыз ағылшынша айтылған әңгімені түсіну ғана емес, сонымен қатар, сол әңгімені жалғастырып, диалог құрып, тең деңгейде сөйлесу. Елімізде ағылшын тілін меңгерген шенеуніктер мен жоғары лауазымды тұлғалар жеткілікті. Әсіресе, кейінгі басқарушы толқынның ағылшыншасы «алдыңғы толқын ағаларына» қарағанда көш ілгері. Осы ретте Қазақстандағы ағылшын тілін жетік меңгерген ТОП-10 жоғары лауазымды тұлғалар тізімін жасауға тырыстық:

 10. Дәурен Абаев. ҚР ақпарат және комуникация министрі Дәурен Абаев еліміздегі харизмалы тұлғалардың бірі. Министр 2011 жылы Әл-Фараби Университетін, ал оған дейін Голландиядағы Лейден Университетін бітірген. Аталған елдегі елшілікте 4 жылдай қызмет атқарған. Дегенмен, Д.Абаевтың ақпарат құралдарында ағылшынша сөйлеп сұхбат бергені әлі байқалмайды. Және де үлкен шетелдік басылымдарға шыққан сұхбаты да жоқ. Осы себепті Абаев мырза рейтингіміздің 10-шы орнында.

9. Алтай Көлгінов. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының әкімі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетінде білім алған. Ағылшын тілін бір адамдай білетінін арагідік көрсетіп қоятыны бар. Оралда шетелдік инвесторлармен кездесіп, тең дәрежеде диалог құрған видеосы интернетте кеңінен таралды. Бірақ, бұл тек шаруа барысындағы кішігірім диалог қана. Алтай Сейдірұлы әзірге ағылшын тілінде белді басылымдарға сұхбат беріп, кеңінен көсіле қойған жоқ. Сол себепті, 9-орынға жайғасты.

8. Бауыржан Байбек. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ағылшын тілінен гөрі неміс тілін жетік меңгерген. Болашақ бағдарламасының түлегі – Б.Байбек Германияның Гете институтында 1 жыл, кейін Любек қаласындағы музыкалық Жоғары мектепті бітірді. БАҚ көздерінде ағылшын тілінде сұхбат берген емес. Германиядағы оқуын бітіре салысымен Майндағы Франкфурт қаласы ҚР Бас консулдығының референті, атташесі - ГФР-дағы ҚР Елшілігі экономикалық бөлімінің үшінші хатшысы қызметін атқарды, сондықтан рейтінгіміздің 8-ші орнына жайғасады.

7. Қуандық Бишімбаев. Қызылорда қаласының тумасы, ҚР Ұлттық экономика министрі, Болашақ бағдарламасының түлегі Қуандық Бишімбаев бұл рейтингте ТОП-7 болып саналады. АҚШ-тың Джордж Уашингтон Университетін (The George Washington University) МВА мамандығы бойынша бітірген. Аталған Университет әлемдік рейтинге 201-250 орында, яғни ТОП Университеттердің қатарында емес. Сәйкесінше ол Университетке түсу талаптары (мысалы IELTS) да орташа деген сөз. Сондықтан, ҚР Ұлттық энономика министрі Қ.Бишімбаев 7 орында.

6. Әсет Исекешев. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің ағылшын тіліндегі видео сұхбаттары жоқ. Дегенмен, Financial Times-қа бірнеше рет сұхбат берген, тіпті Лондонда жүріп аталған аналитикалық редакцияның өкілдерімен кездесіп сөйлескен. Ә.Исекешев ешбір шетелдік ЖОО-да білім алмаған. Астана қаласының әкімі рейтінгіміздің 6-шы орнын иеленеді.

5. Кәрім Мәсімов. 2016 жылдың 8-ші қыркүйегінен бастап ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы Кәрім Мәсімов ағылшын тілін жиі қолданатын жоғары лауазымды тұлғалардың бірі. Мәскеу қаласындағы П.Лумумба атындағы Халықтар Достығы университетін араб тілі мамандығы бойынша бітірсе де, Әл Жазира, BBC, CNN, Euronews, Reuters сияқты ақпарат алыптарына берген сұхбаттары бар. Сонымен қатар, твиттерінде бөлек өте сапалы жүргізіліп отырған (8-ші қыркүйекке дейін) ағылшын тіліндегі аккаунты да бар. К.Мәсімов рейтингтің дәл ортасында.

4. Ерлан Сағадиев. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев АҚШ-тың Миннесота қаласындағы Қолданбалы экономика департаментінің Миннеаполис штаты университетін бітірген. Ерлан Сағадиев өзінің TEDx Almaty презентациясында ағылшын тілін оқу керектігін алға тартады. Әлемдегі ғылыми туындылардың басым бөлігі ағылшын тілінде шығады. Сондықтан, министр дүниедегі болып жатқан үрдістер мен ғылыми жаңалықтардан хабардар болу үшін ағылшын тілін білу міндетті. Ерлан Сағадиев рейтингіміздің ТОП-4 қатарына кіреді.

3. Қайрат Келімбетов. Astana Financial Centre, яғни Астана Қаржылық Орталықтың басшысы Қайрат Келімбетов елімізде ағылшын тілін жетік меңгерген азаматтардың бірі. Қ.Келімбетов ағылшынша қалай түсінсе, дәл солай жақсы сөйлейді. Акценті нейтралды, дегенмен аздап ерекшелік байқалады. Ағылшын тілді елде оқымаса да ағылшынша күнделікті өмірде сөйлейді. Естеріңізде болса ол жуырда АҚШ-та Bloomber-ке интервью берген болатын. Сондай-ақ, Reuters-қа да берген сұхбаты бар. Қайрат Келімбетов Қазақстандағы ағылшын тілін білетін жоғары лауазымды тұлғалардың ішінде ТОП үштікте.

2. Ерлан Ыдырысов. ТОП-2 орында еліміздің сыртқы істер министрлігінде көптеген жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында урду, хинди, ағылшын тілдерін оқыған. Ерлан Ыдырысов 6 елде елші болған (Ұлыбритания, Швеция, Норвегия, Ирландия, АҚШ, Бразилия). Аталған елдердің барлығы дерлік ағылшын тілінде судай сөйлейді. Ал Ұлыбритания, АҚШ және Ирландия ағылшын тілі иелері болып саналады. Мұндай елдерде ағылшын тілін тіпті орташа деңгейде біліп жұмыс істеу мүмкін емес. Е.Ыдырысов ағылшын тілінде өте сауатты әрі спецификалық терминдермен сөйлейді. Дегенмен, өзіндік акценті сақталған. Интернетте ағылшынша видео сұхбаттары көп таралған.

1. Қасым Жомарт Тоқаев. Рейтингіміздің бірінші орнында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым Жомарт Тоқаев. 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары қызметін атқарған. Ал БҰҰ ағылшын тілін білмейтін кандидаттарды мұндай қызмет түгілі одан төмен лауазымдарға да алмайды.

1975 жылдың өзінде Сингапурдағы Кеңес Одағының елшілігіне жіберілген еді. Аталған ел тұрғындары ағылшын тілінің иелері емес, сондықтан ол жерде акценттің колориті өте көп. Өздеріңіз білетіндей Тоқаев мырза өз твиттерінде ағылшынша твиттер жасап отырады. Сөйлеу жағынан да ол ағылшын тілін жетік меңгерген. Оның дәлелі ретінде жуырда (1-2 сәуір 2016 жыл) өткен Сингапурдағы Әлемдік Форумдағы сөйлеген сөзін қарасаңыздар болады. Акценті мүлде байқалмайды, әдетте қазақ халқына қиынға соғатын дыбыстарды еркін айтуда. Ескере кететін тағы бір жайт, Қасым Жомарт Тоқаев түсінуі қиын акценттерді емін-еркін түсінеді.

Досжан МЕЙІРІМ.