Рас, біраз жылдардан бері орталықпен 1500-ге жуық халық тұратын Қосағаш ауылын қосатын көпірдің болмауынан Қаржан өзенінен өту мұң болатын.
Міне, биыл сол көпір салудың сәті түсті. Облыстық бюджеттен 126,5 млн. теңге қаржы бөлініп, оны «Арсенал-Юг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, белгіленген мерзімде ел игілігіне ұсынып отыр. Көпір бүгінгі талапқа сай. Ұзындығы 90 метр, ені 8 метр.
Көпірдің ашылу салтанатына аудан әкімі Төлеген Телғараев қатысып, көпір салуға атсалысқан ауыл азаматтарына, құрылысшыларға алғысын білдірді.
Айта кеткен жөн, ауданның елді мекендер арасына алдағы 2020 жылға дейін тағы 4 көпір салу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл автокөлік жүретін көпірлер салынатын болса, онда аудан көлемінде көпірлер саны 28-ге жететін болады.