05.12.2016 в 15:38

Мәжіліс депутаты Ақпарат және коммуникация миристріне бірнеше мәселені шешуді тапсырды

«Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестігі және дамуы мәселелері туралы» өткен Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеуxан Ақпарат және коммуникация миристріне бірнеше мәселені шешуді тапсырды.

Бірінші - фейсбук желісінің Қазақстан қоғамында саяси аренаға айналып кеткені...

«Баяғыда мінбеге шығып, сөз алу үшін, ақпарат тарату үшін дәлелденген еңбегің, қоғамда пікір айтатын беделің болуы керек еді. Баяғыда, ең болмаса пікір айту үшін 100 қойдан 101 қозы алуың керек болатын. Ал қазір ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болатын заман туды. Шексіз майдан басталып кетті. Тізесіне ноутбугын қойып ойына келгенін жаза береді. Еліне құрметі қалған жоқ. Мұның бәрі, біріншіден, мәдениеттің жоқтығынан. Тектіліктің болмауынан деп ойлаймын. Мысалы, фейсбук АҚШ-та отбасымен балық аулауға барғандары секілді демалыстарының суретін салатын әлеуметтік желі болып саналады. Ал бізде, Қазақстан қоғамында бұл саяси аренаға айналып отыр. Осыны ауыздықтау үшін не істеу керек деген мәселе Ақпарат министрлігінің алдында тұр», – дейді Б.Тілеухан.

Екінші - сауатты сөйлей алмайтын журналистер, радио мен телеарналардың контенті туралы...

«Елдің өзі элиталық қауым деп атап жүрген, білім мен ғылымға жақын журналистердің тіліне көңілі тола бермейді. Көптеген себептері бар. Қазақ тіліндегі екпіндер дұрыс қойылмайды, көзсіз еліктеу көп. Орфоэпия мен орфографияны ажырата алмайтындар қалай жазылса, солай оқиды» , – дейді Бекболат Тілеуxан.

Депутат, сонымен қатар, отандық теле-радиодағы қазақ тілінің үлесіне көңілі толмайтынын жеткізді.

«Мемлекеттік тілдің жағдайы әлі де мәз емес. «Айта-айта қасқырдан да ұят болды» дегендей, осы мәселе әбден жауыр болды. Халық көретін прайм-тайм уақыттарда түрік, кәріс, үнді сериалдары көрсетіледі. Ал, радионы музыкалық бағдарламалар жаулап алған. Мысалы, Францияда америкалық өнімдердің телеарналарда, кинопарктерде көрсетуге квота берілген. Бізге де осындай бір талап қажет шығар», – дейді Мәжіліс депутаты.

"Сайгез-ақпарат"