14.08.2014 в 14:33

ШЫҢҒЫСХАН ТАТАР МА, МОҢҒОЛ МА, ӘЛДЕ ҚАЗАҚ ПА?

Қайрат ЗӘКИРЯНОВ, профессор

Бұған дейінгі әлемдік тарих ғылымында адамзат тарихындағы ең ұлы хандардың бірі – Шыңғысханды моңғол ұлтынан шыққан деп түсіндіріліп келді. Қарапайым мектеп оқулығынан бастап, қалыңдығы кірпіштей болатын кесек монографияларда да осылай тәпсірленді. Алайда, соңғы жылдардың бедерінде бұл тоң жібіп, татар тарихшылары оның татар екенін дәлелдеуге тырысса, якуттар оның якуттық тамырын қопарып жатыр. Ал Қазақстанда Шыңғысханның қаны қазақ деген пікір аясында қоздаған тартыстар қазір бәсеңсігенімен, әлсін-әлсін өршіп тұрады. Бірнеше жыл бұрын өзге елдермен бірге Шыңғысханның 850 жылдығын атап өту қарсаңында қазақстандық тарихшылар мен қытай тарихшылары арасында «Ғаламды бағындырушының» этникалық тегі төңірегінде үлкен дау туды. Тіпті осыған орай Алматыда «Шыңғысхан және қазақ мемлекеттілігі» деген тақырыпта Ресей, Иран, Қытай, Моңғолия мен Қазақстанның жетекші ғалымдарының қатысуымен халықаралық конференция да өткізілді.

Бірақ бұл тақырып төңірегіндегі дау-дамайға нүкте қойылған жоқ. Біз бұған ғалымдар мен саясаткерлер секілді Шыңғысханның тарих сахнасында ойнаған зұлымдық немесе жасампаздық рөлін талқылау үшін қайта оралып отырғамыз жоқ.

Шыңғысханды ЮНЕСКО «екі мыңжылдықтың ұлы қолбасшысы» деп танығаннан бастап, Нобель сыйлығының иегері неміс Ханс-Петер Дюррдан бастаған Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, қалмақ Давид Кугультинов, әзірбайжан Эльчин, тәжік Мумин Каноат сынды белгілі мәдениет қайраткерлерінен құрылған топтан маза кетіп, мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлеріне үндеу жариялады.

«Жаулаушының отанында – деп жазды олар, – халықаралық қауымдастық алдындағы беделі мен абыройын және ұлттың рухын көтеру мақсатында адамзат тарихындағы ең жауыз басқыншыны ар-ұяттың бостандығы үшін күресуші, жер бетіне бейбітшілік орнатушы ретінде ұлықтау жолға қойылуда. Шыңғысхан атындағы Моңғолияның ең үлкен мемлекеттік ордені тағайындалып, Ұлан-Батырдың орталығында Шыңғысхан мен  оның тоғыз әскербасына арналған биіктігі 20 және 17 метр, құны шамамен 19 млн. АҚШ долларын құрайтын ескерткіш кешенінің іргетасының қалану рәсімі сәнді салтанатпен аталып өтті. Халықаралық конференциялар мен форумдар ұйымдастырылып, өте үлкен көлемде арнайы кітаптар шығарылды. Еуразия құрлығындағы жазықсыз құрбандардың төгілген көз жасы мен қанын елемей, билеуші-басқыншыны ашық дәріптейтін мұндай ұятсыз әрекеттер әрбір мемлекеттің халықаралық саясатын бей-жай қалдырмауы тиіс».

Хатқа қол қойғандардың бірі, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Мұхтар Шаханов та: «Егер әрбір елде басқыншы тирандарға ескерткіш қойып, тарихи санаға опасыздық жасай беретін болса, Гитлерді де ақтап алатын күн алыс емес шығар?!» - деп ызалы сарында мәлімдеме жасады. Сол кездері Шыңғыс Айтматовпен бірігіп, «Шыңғысханның қауіпті культі» деген эссе жазып, «Шыңғысхан – қазақ» деген пікірдің авторы тарихшы Қаныбек Данияровты Шыңғысханды жаулаушы, басқыншы деп емес, азат етуші, қазақ халқының перзенті деп жарияламақ болған әрекеті үшін айыптады. Ақын Шахановтың сын-садағына – Ұлан-Батыр мен Ұлан-Уде, Бейжің мен Қазан, Якутск пен Үрімші де ілінді. Бірақ бұл бергі жағы ғана. Бүгінгі таңда қазақтардың, моңғолдардың, якуттардың, қалмақтардың кейінгі ұрпақтары Шыңғысханның кім болғаны жөніндегі аяусыз тартысты жалғастыра бастады. Сөйтіп қоламтаға айнала бастаған отқа қайта май құйылып, бұл мәселе де күн тәртібіндегі даулы мәселелердің қатарына қайта енді.

 

«Моңғолдардың Шыңғысханға ешқандай қатысы жоқ...»

 

Мен өз халқымның ақтаңдақ беттері көп тарихымен айналысып келе жатқаныма он жылдан асты. Реті келгенде айта кету керек, менің қазақ тарихын үңіле зерттеуіме ҚаныбекДанияров баяндаған Шыңғысханды біздің халқымызға қайтаруда зор рөл атқарған Қазақстанның баламалы тарихы түрткі болды. Мен қазақ халқының өткені зор болғанына сенімдімін. Тарихты ұлылар жасайтынын ескерсек, әлем тарихындағы көрнекті тұлғаларының тым болмағанда үшеуінің біздің халқымызға тікелей қатысы бар деп айтуға болады. Бұлар – сақ патшайымы Тұмар, Ғұндардың көшбасшысы Еділ (Аттила) және біз сөз етіп отырған Шыңғысхан. Бұлардың бойында қазақтың қаны болды.

Айтулы Ұлы моңғол империясы 1206 жылы құрылды. Оның құрамына қазіргі қазақ ұлтын құрайтын тайпалар мен рулар кіріп, бұл мемлекетті қазақ халқының даңқты ұлы – Шыңғысхан құрды.

 

 

Қазақ іздері

 

Хұннулардың қағаны Мөде б.з.д. 209 жылы құрған империядан бергі 1500 жыл ішінде қазіргі Моңғолияның аймағында қазақ этносын құраған көптеген тайпалар мен рулар өмір сүріп келді. Керулен өзенінің арнасынан 25 шақырым жердегі Шыңғысханның жазғы резиденциясы Аваргада 1990 жылы қойылған ескерткіште қырыққа жуық қазақ тайпалары мен руларының таңбалары қашалған. Қазіргі уақытта барлығы 75-тей қазақ рулары бар. Бірде мен моңғолдың жетекші археолог ғалымы, ғылым докторы, профессор Довда Байардан Аварга ескерткішіндегі белгілердің нені меңзейтінін cұрағанымда, ол өзінің бір досы (өкінішке орай, аты-жөнін ұмытып қалыппын) Моңғолия территориясындағы барлық тасқа қашап жазылған жазулардың бәрін жинап, өзінің ескерткіш туралы еңбегіне пайдаланғанын айтты. Өз кезегімде, мен де Байардан мүсіншіге осы күнгі Моңғолия жерінде ол жерден Шыңғысхан кеткенге дейінгі ұзақ уақыттар бойы қазақ тайпалары мен рулары тұрғанын құжат жүзінде растағаны үшін, қазақ халқының атынан алғыс айтуды өтіндім.

Бірде мен Моңғолияның жолсыз жерімен жиырма тәулік ішінде мың шақырымнан астам жол жүрдім. Сол кездері Шыңғысхан дүниеге келген жерде, оны хан көтерген Қарақорымда болып, атақты Күлтегін ескерткішіне ат басын тіредім. Және ең бастысы, біздің ұлы бабамызға қатысы бар барлық негізгі оқиғалар жазылған Бұрхан Халдунға бардым.

Көрнекті парсы тарихшысы Рашид-ад-Дин б.з.д. ІІІ ғасырда Ергенеконнан шығып, кейінірек Бұрхан Халдунға орналасқан тайпалар мен руларды санамалайды. Олар: нүкүс, ұранқат, хұнгират, икирас, олхонут, қоралас, елжігін, күнқұлайыт, ортауыт, қонқотан, арулат, келінғұт, усун, баяут, күнджін, сулдус, елдүркін және кіншіт. Кейінірек Шыңғысхан шыққан дарликин моңғолдары деп аталатын топты осы тайпалар құрады. Олардың бір бөлігі – нирун моңғолдарының тобын құраған Алан пауалардың аталары. Мұндай жағдайда, Рашид-ад-Диннің, Жалайыридің, Әбілғазының, М.Тынышбевтың, Шәкәрімнің, Қ.Данияровтың және өзге де ғалымдардың деректерін пайдалана отырып, мен бұл тайпалар мен рулардың барлығы түркі тектес халықтарға тиісті екендігін анықтадым. Бұлардың көпшілігі қазіргі қазақ рулары мен тайпаларының да құрамына енген. Мұндай жағдайда Шыңғысхан моңғол тайпаларының емес, түрік тайпаларының ортасында дүниеге келген болып шығады. Бұл қорытындының біздің халық үшін маңызы өте зор. Өйткені, бұл – Шыңғысхан ХІІІ ғасырда Моңғолия территориясында өмір сүрген cол қазақ тайпаларының тілінде сөйледі дегенді білдіреді.

 

 

Моңғол іздері

 

Мен «Моңғолдардың киелі аңызы» атты Моңғолияның әдеби ескерткішін зерттеу орталығының директоры, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Дарантай Церен Сондоммен сұхбаттастым. Екеуара әңгімеден ұққаным, моңғол ғалымдарының тұжырымдамасы былай екен: ХІІІ ғасырда Моңғолия территориясында найман, керей, қоңырат, жалайыр, меркіттерге қатысы бар моңғол тайпалары өмір сүрген. Ұлан-Батырлық ғалымдардың растауынша, олардың барлығы да сол кездегі моңғол тілінде сөйлеген. 1218 жылы Шыңғысханмен бірге батысқа, Орта Азия мен Қазақстанға кетіп, бұл тайпалар сол аймақтарда тұратын этникалық топтармен ассимиляцияланып, қазіргі таңда қазақ тілінде сөйлейтін болыпты-мыс. Сонда мен Дарантай Сондомға Қазақстан территориясында найман, керей, жалайыр, қоңырат пен меркіт сияқты тайпалардың ассимиляциясы болуы мүмкін еместігін айттым. Өйткені, Шыңғысхан мен оның әскері арғын, найман, қыпшақ, қарлұқтар мекен ететін Жетісу өзенін кесіп өтіп, үйсіндер мен қаңлылардың мекені – оңтүстік Қазақстанға, одан әрі алшындардың жері –батысқа қарай жылжыған. Және бәрі қайда жүрсе де қазақ тілінде сөйлеген. Моңғол ғалымы үшін бұл – нағыз күтпеген дерек болды. Сасып қалған ол сәл кешігіп барып: «Біздер, моңғолдар өз тілімізді жоғалтып алған уақытта, сіздер, қазақтар өз тілдерінізді сақтай алдыңыздар. Сол үшін сізді құттықтаймын!» – деді. Моңғол оқымыстысының аузынан мұндай пікірді есту – аса маңызды екенін мойындаған жөн.

Бұл жерде тағы бір ескерер жайт – қазіргі моңғолдардың Моңғолия территориясында Шыңғысхан кеткенге дейін тұрған халықтарға еш қатысы жоқ. Б.Баабар сынды моңғол оқымыстыларының жазуынша, Шыңғысханның кезінде 40 моңғол, 4 ойрат түмені күн кешкен екен. Жаугершіліктің салдарынан ойраттар әуелі Шыңжаңға, одан соң ХV ғасырдың басында Қазақстанға кеткен. Сөйтіп Моңғолиядар бар болғаны 6 түмен ғана қалыпты.

 

 

Қытай іздері

 

Шыңғысханның немересі Құбылай 1260 жылы ұлы хан бола салысымен, Юань Қытай династиясының негізін қалай бастады. 1270 жылдарға таман оның сарайы толық «қытайландырылды». Астананы Бейжіңге көшіріп, өз кеңсесіндегі іс-қағаздарды қытай тілінде жүргізіп, сарай маңына қытай әдебін енгізіп, өзі будда дінін қабылдап, ата-бабасының туған жерімен еш шаруасы болмады. Төрт ойрат түменімен бетпе-бет қалған моңғолдар маньчжурлардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Юань сарайының үнсіз келісімінен соң, Шыңғысханның атажұртына жер қайысқан тұңғыс тектес маньчжур тайпалары сау ете түсті. Юань династиясы құлаған соң, жағдай одан әрі нашарлай түсті. Ал, ХVІІ ғасырдың басында Қытайдағы билік басына маньчжурлік Цин династиясы келген уақытта Моңғолия тұтастай маньчжурлардың қол астында қалды. Міне, осы кезде 6 түрік тектес моңғол түмендері саны көп тұңғыс тайпаларына сіңісіп кетті. Қазіргі моңғол тіліндегі түркизмдер осы жерден келіп шығады. Бұл айтылғанды дәлелдейтін деректі мен моңғол ғалымдары Тайжиуд Очир мен Бэсуда Сэржээнің «Монгол чуудын овгийн лавлах» атты 1998 жылы жарық көрген еңбегінен алдым. Бұл кітапта қазіргі моңғол халқының санағының нәтижелері келтірілген. Оған жүгінер болсақ, қазіргі моңғолдар 700-ден астам руға бөлінеді екен. Егер, Шыңғысханның тұсында рулардың саны 60-тан сәл ғана асқанын ескерсек, өздерін халқа-моңғолдармыз деп атайтын қазіргі моңғолдардың ахуалының қандай екенін ұғыну қиын емес. Сондықтан, мен қазіргі моңғолдардың біздің ұлы бабамызға, түркілерге, қазақтарға еш қатысы жоқ деп батыл тұжыра аламын. Ал біз, қазақтар, осы көзге көрініп тұрған әділетсіздікті түзеуге тиіспіз!        

Киевке дейінгі із

 

Әрбір қазақ руының өзінің рулық белгісі – таңбасы болғаны мәлім. Әйгілі шығыстанушы Аристовтың пікірінше, таңба – тұрақты, қанша уақыт өтсе де, өзгермейтін рулық меншіктің түрі болып табылады. Белгілі бір ру Еуразияның шетсіз-шексіз даласында көшіп-қонып жүріп, өзге бір ірі тайпаға немесе руға қосылуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның таңбасында қосымша белгі пайда болады. Мысалы, алдындағы таңбасы домалақ болса, кейіннен оған сызықша, не болмаса шарғы қосылуы мүмкін. Алайда, бұл – мәселенің түп негізін өзгертпейтін. Көшпенділер өзі танымайтын өзге бір көшпендінің руын – сол таңба бойынша анықтайтын. Яғни, таңба – көшпендінің жеке куәлігі іспеттес болды. Міне, сол секілді Шыңғысханның да таңбасы – істік жағы жоғары қараған үш тісті айыр немесе тарақ болған. Мен оны Моңғолиядан, Шыңғысханның туған жерінен көрдім. Қазақ руларының арасында мұндай таңба бағаналы, сіргелі, жалайыр, тарақты, тама және табын руларында бар. Империя бөлінгеннен кейін 1223 жылғы қазіргі Жамбыл облысының территориясында өткен құрылтайда Шыңғысхан өзінің үлкен ұлы Жошыға қазіргі Қазақстан жері мен көп руларға қоса Найман тайпасының ішіндегі Ергенекті аталығының ағайынды екі руы – Балталы мен Бағаналыны береді. Бұл екі рудың тарихы тереңде жатыр. Бұл екеуі Аттиламен бірігіп, балтық жағалауы және скандинав елдерін құруға ат салысып, оларға өз есімдерінің Балта деген түбірін береді (Балта – Балтық). Сондай-ақ, олар Аттиланың жиені Одоакрдың әскері құрамында 476 жылы Батыс Рим империясын құлатты. Киевтің Рюриковичтер әулетінен тұратын княздерінің жылнамаларында оларды түрік тұқымынан тараған делінген. Рюриковичтердің өздері 862 жылы таққа отырса, ХІІІ ғасырдың ортасында билік бірте-бірте Мәскеу княздігіне өте бастады. Содан бері 1991 жылғы атышулы «егеменді елдер шеруіне» дейін Киев тәуелсіз ел болмапты. Осыған орай, азаттығына қол жеткізген сәттен бастап, не үшін украиндықтар елтаңбаларындағы Бағаналы руыныкіндей өз таңбаларын (үш тісті айыр) қайта қалпына келтіргені түсінікті болады...

Аударған: Нұраддин Садық